Жолдау. Транскаспийді дамыту маңызды
Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді.
Оған екі ел басшыларының келіссөздері ықпал етті.
Бакудегі халықаралық қатынастарды талдау орталығында өткен дөңгелек үстелде Қазақстан президентінің жолдауы талқыланды. Жиынға қатысушылар оның нақты мақсаттармен ерекшеленетінін атап өтті.
Ғылыми орталық төрағасы Баку мен Астананың ортақ бір міндеті – Транскаспий бағытын дамыту екенін жеткізді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 40 пайызға артып, 500 миллион долларға жуықтаған.
Әлім Байел, Қазақстанның Әзербайжандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Бүгін Әзербайжанның жетекші аналитикалық орталығында біз осы елдің алдыңғы қатарлы сарапашыларымен, саясаттанушыларымен, экономистерімен бірге Мемлекет басшысының Жолдауын талқыладық. Талқылау барысында бұл Жолдаудың тек Қазақстан үшін ғана емес, аймақ үшін де маңыздылығы айтылды. Себебі Жолдауда аймақтық мәселелер де қозғалған. Соның ішінде Әзербайжан үшін маңыздысы – көлік логистика саласындағы ынтымақтастық, Орта дәліздің әрі қарай дамытылуы.
Фарид Шафиев, Халықаралық қатынастарды талдау орталығы басқармасының төрағасы:
- Біздің елімізді Қазақстанның көлік, логистика, Каспий арқылы байланысты нығайтуға көп көңіл бөліп жатқаны қуантады. Соңғы уақытта көлік жолдары геосаясаты қарқынды дамып келеді. Осыған байланысты бізге Транскаспий бағыты арқылы Орта дәлізді нығайтуға бірлесіп күш салу қажет деп ойлаймын.