Орталық Азияда туризм саласы қайта қалпына келе бастады
Орталық Азияда пандемия кезінде тұралаған туризм саласы қайта қалпына келе бастады.
Бұл туралы Сеулде өткен халықаралық конференцияда айтылды. Мамандардың пікірінше, оңтүстіккореялық туристер арасында аймақтағы ең танымал бағыт Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан. Елімізге негізінен 20-30 жас аралығындағы қыз-келіншектер көп келеді екен. Конференцияға қатысушылар Қазақстанда туризмнің дамуына цифрландыру мен онлайн төлем жүйелерінің жоғары деңгейі ықпал етіп отырғанын атап өтті. Өз кезегінде қазақстандық ұлттық туристік компания өкілдері бірегей өнімдерін таныстырды. Ал корей азаматтары арасында Орталық Азияның барлық 5 еліне бірден баруға арналған турпакеттердің танымал екенін айтты.
Кым Ги Хен, мәдени мұра ұйымының директоры:
- Оңтүстіккореялықтар Ұлы Жібек жолына қызығушылық танытуда. Соның ішінде Қазақстанның танымалдығы артып келеді. Орталық Азияда тарих, мәдени мұра сияқты қызықты дүниелер өте көп. Оңтүстік Кореяда бұл туралы көбірек білуі үшін Орталық Азияның барлық елдері бірлесе күш салуы керек. Біріншіден, Корея үкіметімен бірлесе отырып, виза мәселесін шешу немесе ыңғайлы әуе жолдарын құру, Жібек жолын насихаттайтын өнім шығару. Қазақстанға кореялық БАҚ немесе блогерлерді шақыру керек.