Ресей Орталық банкі базалық мөлшерлемені көтеруге мүдделі
Осылайша депозиттер, тұтыну несиелері ипотека бойынша пайыздық ставканы ұлғайту арқылы ұлттық валютаның бағамын күшейтпек.
Алайда экономистер бұл қадамды тиімсіз деп отыр.
Дана Нұржан, тілші:
- Орталық банктің кезекті отырысы 15 қыркүйекке жоспарланды. Сарапшылардыің дені базалық мөлшерлемені тағы да көтеру туралы шешім қабылданады деп болжам жасайды. Естеріңізге салайын тамыз айында рубль 16 айдағы ең төменгі деңгейге төмендеп бір доллар жүз рубльге теңелді. Сөйтіп Орталық банк базалық мөлшерлемені жоспардан тыс 12% дейін көтерді. Мамандар бұл шешім инфляцияны бәсеңдетіп, рубльді нығайтады деп есептеген. Алайда үміт ақталмады.
Марсель Салихов, Энергетика және қаржы институтының президенті:
- Орталық банк базалық мөлшерлеме ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде сақталады деп нарықты сендіруге тырысып жатыр. Базалық мөлшерлеменің тамыздағы өсуі рубльдің курсына әсерін тигізген жоқ деп айтуға болады. Сондықтан да Орталық банк базалық ставканы тағы да көтеруге мәжбүр болады.
Негізгі мөлшерлеме әр тұрғынының қаржысына тікелей әсер етеді. Ресейде тамыз айында базалық ставка көтерілгеннен кейін ипотекалық және тұтынушылық несиелер бірден қымбаттады. Ипотека 3-4%-ға өсті.
БЛИЦ:
- Адамдарға баспана керек. Енді ипотеканы кім ала алады? Қазір, негізінен, кез-келген адамда несие бар. Пайыздық мөлшерлеме неғұрлым жоғары болса, несие алатындарға соғұрлым қиын.
- Өкінішке орай, ипотекамен ертерек үй алуға мүмкіндік болмады. Ал енді тіпті мүмкін емес. Несие мөлшерлемесі тағы да өссе, арман күйінде қалғалы тұр.
Сарапшылар базалық мөлшерлемені арттыру арқылы рубль бағамын ұстап тұру мүмкін емес деседі. Себебі бюджет тапшылығы бар. Үкіметтің болжамы бойынша, жыл соңында ол ішкі жалпы өнімнің 2 пайызын құрайды.
Владислав Жуковский, экономист:
- 2024 жылғы президенттік сайлау алдында доллар 110 - 115 рубльге теңеледі. Ал 2024 жылдың науырызынан кейін рубль бағамы түсіп, доллар 120, 130 тіпті 150 рубльге дейін жетуі мүмкін. Оған бюджет тапшылығы мен елдегі экономикалық жағдай тұрғысынан алғышарттар бар екені сөзсіз.
Қаржы реттеушісінің кезекті шешімін күткен ресейліктер несие бағасы тағы да көтеріледі деп, ипотека алуға асығып жатыр. Ірі банктерде тіпті ипотекаға деген сұраныс 40%-ға артқан.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров