Apple акциялары арзандады. Шартарап

Технологиялық алпауыттардың жағдайы қиындады.

Еуроодақ оларға қатысты жаңа ереже бекітті. Талап бұзылса, компанияларды бизнесін сатуға мәжбүрлейтін қатаң шара қолданылуы мүмкін. Солардың қатарында Apple де бар. Америкалық корпорацияның акциялары бірнеше күннен бері арзандап барады. Оған Қытай билігінің шешімі түрткі болды. Тағы бір америкалық алпауыт – Google-дың да жағдайы мәз емес. Қазір компанияға қарсы сот жүріп жатыр.

Google компаниясына айып тағылды     

АҚШ билігі Google-ға қарсы іс қозғады. Өйткені компания әлемдегі басты іздеу сайтына айналу үшін айла-әрекетке барды деп айыпталып отыр. Ол үшін құрылғы өндірушілері, ұялы байланыс операторлары және өзге де компаниялармен келісімшарттар жасады деген күдік бар. Сөйтіп, жыл сайын миллиардтаған доллар төлеп, телефондар мен веб-браузерлерде іздеу жүйесі ретінде бірден осы Google шығып тұрса керек. Бұл АҚШ-та кейінгі жылдардағы ең ірі сот процесіне айналды. Тыңдалымдар 10 аптаға жалғасуы тиіс. Бұған дейін осы себепті Оңтүстік Корея мен Ресей билігі де сотқа арыз түсіріп, компанияға ірі көлемде айыппұл салынған еді.  

 

Apple акциялары арзандады 

Тағы бір технологиялық компанияның басына бұлт төніп тұр. Әңгіме Apple жайлы. Өткен аптадан бері америкалық корпорацияның акциялары арзандап барады. Өйткені Қытай билігі мемлекеттік қызметкерлерге оның өнімі – iPhone телефондарын қолдануға тыйым салды. Салдарынан америкалық өндіруші өткен аптада небәрі 2 күн ішінде 200 миллиард доллар жоғалтты. Сарапшылар шектеу Apple-ды зор шығынға батыруы мүмкін дейді. Өйткені  америкалық компания табысының бестен бірін осы Қытайдағы тұтынушылар қамтамасыз етеді. Өткен тоқсанда АҚШ-тың өзінен гөрі өндірушінің смартфондары Қытайда көп сатылған екен. Ресми Бейжің бұл шектеу қауіпсіздік мәселесіне қатысты қабылданғанын айтады. Бір қызығы, тиісті талап iPhone 15 үлгісінің тұсаукесеріне бірнеше күн қалғанда енгізілді. Кеше бұл телефон көпшілікке таныстырылды. Бірақ соның өзінде де Apple акцияларының бағасы төмендеп барады. Өйткені тұтынушылар жаңа өнім ойлағандарындай болмай шықты дейді.  

 

Технология алпауыттары үшін жаңа ереже бекітілді

Жақында Еурокомиссия цифрлық нарық туралы заң аясында жаңа ережелер бекітті. Олар 22 корпорацияға қатысты. Арасында Amazon, Apple, Meta секілді технологиялық алпауыттар бар. Бұл – Еуроодақта пайдаланушылар саны 45 миллион адамнан асатын компаниялар. Бұған дейін олар Instagram, Google Play секілді сервистер үшін ережелерді өздері бекітіп келген. Талаптардың бұзылған-бұзылмағанын қадағалап, шешімді өздері қабылдаған. Енді ондай жоқ. Ендігәрі бұған Еуроодақ өкілдері де қатысады. Жаңа ережелер бұзылса, олар айналымының 10%-і мөлшерінде айыппұл төлейді. Бұл жағдай қайталанса, айыппұл 20%-ке дейін өседі. Одан маңызды бұзушылықтар тіркелсе, Еурокомиссия қатаң шара қолдануы мүмкін. Мысалы, бизнестің бір бөлігін сатуға мәжбүрлеуі де ғажап емес.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева, Сандуғаш Байқуаныш.