Қазақстанға саяхаттайтын испандар көбейді
Испания азаматтары Қазақстанға 90 күнге дейін визасыз келе алады.
Мұндай мүмкіндікті елге саяхаттап келетін еуропалықтар жібергісі жоқ. Пандемиядан кейін испандықтардың біздің елге сапары жандана түскен.
Жыл он екі ай жылы өңірде өмір сүрем, сондықтан болар, Қазақстан астанасы аязымен бірден мені баурап алды, - дейді 38 жастағы Бенито Буено.
Барселона тұрғыны Қазақстанға жылына кем дегенде үш рет келуді әдетке айналдырған. Бурабайға да ат басын тіреп, табиғат аясында демалғанды ұнатады.
Бенито Буено, Барселона қаласының тұрғыны:
- Қазақстанға келгенде кең көшелерін велосипедпен еркін аралап шыққанды жаным сүйеді. Міндетті түрде табиғат аясында түнеп шығам. Әр келген сайын өзіммен бірге бір досымды ерте келем
Ал Серхе Кальво демікпесін қымызбен емдеп шыққан.
Қазақстанға келген сайын, атқа мініп, бүркітшілермен бірге аңға да шығады.
Серхе Кальво, турист:
- Қазақтар қымызды «балқымыз» дейді, дәмі мені тәнті етті. Осы қымызды ішсем, ойым да бойым да сергек күйге түседі. Қымыз тұнып тұрған дәрумен екенін енді біліп жатырмын
Ресми дерек бойынша елімізде он бір мыңнан астам испандық өмір сүреді. Барселонадағы туристік агенттік басшысы Пилар Бернаттың айтуынша соңғы жылдары Қазақстанға саяхаттаушы испандықтардың саны артқан.
Пилар Бернат, туристік агенттік басшысы:
- Танымал туристік бағыттан бөлек Каталония аймағының тұрғындарын Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанға сапар қызықтыра бастады. Бастапқыда күмәнмен барған испандықтар кейіннен бұл елге жиі сапарлауды әдетке айналдырып алды.
Испания азаматтары Қазақстанда 90 күнге дейін визасыз жүре алады. Екі ел қалалары арасында тікелей әуе қатынасы да жолға қойылған. Барыс-келіс санының артуына бұл да өз септігін тигізіп отыр.
Айида Қыдырбай, «Хабар-24»