Италияның Лампедуза аралы босқынға толды
Кеше Италияның Лампедуза аралына қайықпен екі мыңға жуық мигрант жетті.
Алдыңғы күні ғана Таяу шығыс, Азия, Африкадан ағылып келгендерді қабылдап үлгермей жатқан аралда дағдарыс туындады.
Италия билігі енді аралдағы мигранттарды Сицилияға жөнелтіп жатыр. Бірақ бұл да уақытша шешім. Ағылған босқын қайда барып сыюы мүмкін.
Бақыт: Тунистен Еуропаға бет алған резеңке қайықтар өткен түні Италияның Лампедуза аралына келіп жетті. Сөйтіп қалың мигрантты қабылдаған шағын аралда ине шаншар жер қалмады. Ресми мәлімет бойынша, қайықтан 6 800-дей адам түскен. Бұл тіпті аралдағы халық санынан бірнеше жүзге артық. Қызыл Крест өкілдері аралға арып-ашып жеткендерге медициналық көмек көрсетуге кірісті. Бірақ, бәріне бірдей қарауға шама жетпей жатыр. Өйткені мұндағы орталық бар-жоғы 400 адамды ғана қабылдай алады.
Франческа Базиле, Италиялық қызыл кресттің ресми өкілі:
- Лампедузадағы ахуалға келсек. Мұндағы мигранттар саны 6 мыңнан асты. Олар соңғы 24 сағатта 120 кемеге мініп келген. Жағдайдың қаншалықты қиын екенін осыдан-ақ түсінуге болады. Италиялық Қызыл Крест оларға барынша көмек көрсетуге тырысады.
Жүздеген босқын Сициялияға жөнелтілді
Қазір ЛампедУзадағы ахуалды жақсарту мақсатында Италия жүздеген келімсекті Сицилияға жөнелтті. Дегенмен, мигранттар әрі қарай Еуропаның солтүстігіне өтуге бел буған. Осылайша, Франция мен Германияға келімсектер легін қабылдамай, кері қайтаруға уәде еткен Италия қиын жағдайға қалды. Жыл басынан бұл елге 118 мыңнан астам босқын қайықпен келіп жеткен. Бұл былтырғыдан екі есе көп.
Мигранттар шекарадағы шиеленісті ушықтырды
Заңсыз миграция салдарынан Сербия мен Венгрия шекарасындағы шиеленіс туындады. Тіпті Сербия билігі шекараға арнайы жасақ тартқан. Азия, Африка мен Таяу Шығыстан босып келгендер осы ел арқылы Батысқа қарай жол тартады. Бейсенбіде полиция 371 заңсыз мигрантты шекарада ұстап алған. Бірақ тәртіп сақшылар мигранттарды тек уақытша лагерьге орналастырып, өзара қақтығыстан аулақ ұстауға тырысады. Ресми мәлімет бойынша, мигранттарды қабылдау орталығында 3 300-ден астам адам бар. 1,5 мыңы күн сайын Венгрияға өтуге тырысады.
Радос Джурович, босқындарды қорғау орталығының басшысы:
- Қылмыстық топтар арасындағы қақтығыстар ушыққан. Олар босқындарды өткізетін аумаққа таласып жатыр. Бір нәрсені түсінген жөн: бұл жерде тұтас криминалдық жүйе құрылып, қаруы бар талай адам тартылған. Косоволық және жергілікті тұрғындар заңсыз мигрант трафигімен айналысады. Сондықтан шекадарағы қақтығыстарға мигранттар ғана кінәлі деуге болмайды. Бұл жерде қылмыстық топтар өзара таласып жатыр. Өйткені олар ақша үшін мигранттарды Сербияға, Сербиядан қайта шекараға тасиды.
Мигранттар үрей туғызды
Мигранттардың легі Хорватия халқын да үрейлендіріп отыр. Жергілікті тұрғындар елді кесіп өтетін келімсек санының күрт өскенін аңғарған. Айтуларынша, олар бұрынғыдай жалғыз-жаяу емес, топтасып жүретін болды. Енді тұрғындар «қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіре ме» деп алаңдайды.
Перика Матьевич - Крняк мэрі:
- Мигранттар лагерін үйлерден 400 метрден жерде салу жоспарланған. Соған мына жердегі Дуги Долдың адамдары үрейленіп отыр. Бірақ Крняк тұрғындарының бәрі қазір осындай күйде. Ішкі істер министрі лагерь қоршаулы болады, әрі 24 сағат күзетіледі деп уәде берген. Бірақ, сонда да қорқып отырмыз, өйткені бұл адамдар біздің ғана емес, басқа шекараларды кесіп өткен. Оларды енді ешнәрсе тоқтата алмайды.
БҰҰ: Мигрант мәртебесін анықтау қажет
Соңғы тәулікте Италияға ағылып келген мигранттардың мәртебесі өз алдына мәселе. Олардың құқығын қорғау мақсатында алдымен заңды статусын анықтап алған жөн, деді БҰҰ-ның бас хатшысы. Италия арқылы Еуропаға ұмтылғандарының дені экономикалық мигранттар екенін даусыз. Антониу Гутерриштің пікірінше, араларында қуғын-сүргінге ұшыраған босқындардың кездесуі бек мүмкін.
Антониу Гутерриш:
- Салмақтың бәрі шекарадағы елдерге ғана түспеуі тиіс. Еуропа елдері жауапкершілікті өзара теңдей бөлуі тиіс. Босқын мәселесі жөнінен жоғарғы комиссар болған кезімде де үнемі айтатынмын, қазір бас хатшы ретінде де қайталап айтамын: бұл тек мигранттардың легін қабылдап жатқан мемлекеттердің ғана мәселесі емес. Бұл тұтас Кәрі Құрлықтың, яғни Еуро Одақтың мәселесі. Демек, бұл жерде түйткілід тиімді шешудің жолы бірге қарауы керек.
Кәрі Құрлықтағы мигранттар мәселесі күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. ЕуроКомиссия қалуға заңды негізі жоқ келімсектерді кері қайтаруға бекінген. ЕуроОдақтағы саяси стратегия бағдары айқындалғанымен, миграцияның легіне әзірге тоқтау сала алмай отыр.