Күзгі аптап немесе ең ыстық жыл
Аптап ыстық адамзат үшін қалыпты жағдайға айналып барады.
БҰҰ-ның өкілдері осылай деп отыр.
Айтуларынша, келешекте жылдан жылға жаңа температуралық рекордтар тіркеліп отырады. Оған климаттың өзгеруі себеп. Бұл ретте мамандар 2023 жыл адамзат тарихындағы ең ыстық жыл болуы мүмкін екенін ескертеді.
Биылғы жаз – адамзат тарихындағы ең ыстық жаз болып тіркелді. Мамандар бұл үш ай ғана емес, 2023 жылдың өзі де ең ыстық жыл болуы мүмкін дейді. Бұған дейінгі рекорд 2016 жылы тіркелген. Сол көрсетіштерге жетуге аз-ақ қалды.
Биыл көп елде рекордтық температура тіркелді. Осымен үш ай қатарынан теңіз бетінің жаһандық температурасы жоғары деңгейден түспей тұр. Мұздықтар да жылдам еріп барады. Мұхит суының температурасы да бұрын-соңды болмаған көрсетішке жеткен.
Ханна Клоук, климатолог:
- Биыл ең ыстық маусым, сосын шілде, сосын ең ыстық тамыз тіркелді. Соның салдарынан көп елде қуаңшылық пен орман өрті көп болды. Өкінішке қарай, болашақта мұндай жағдайлар жиі қайталана беретінін болжап отырмыз.
Жаһандық жылыну ең алдымен Еуропада қатты байқалып отыр. Қазір мұндағы орташа температура индустриалды дәуірге дейінгі деңгейден 2,2 градусқа жоғары. Әсіресе Италиядағы ахуал алаңдатарлық. Мұнда осымен 38 жыл қатарынан температура көтеріліп келеді. Мальта, Франция, Финляндия, Швейцария, Венгрия мен Кипрде де ұқсас жағдай. Ұлыбританияда жазды айтпағанда, күздің өзінде аптап ыстық басылмай тұр. 9 қыркүйек – 2023 жылдың ең ыстық күні болып тіркелді. Ол кезде сынап бағанасы 33 градустан асып кеткен.
Клэр Насир, метеоролог:
- Ұлыбританияда қыркүйекте алты күн қатарынан температура 30 градустан түспей қойды. Ол күздің бұл уақыты үшін қалыпты жағдай деуге келмейді. Метеобақылау 1880 жылдан бері жүргізіліп келеді. Рекортық температуралар 21-ғасырда тіркеліп жатыр.
Еуропада былтыр да ыстық болған. Садарынан 16 мың адам көз жұмды. Ал келітірлген материалдық шығын 2 миллиард доллардан асып кетті. Аптап ыстық Кәрі Құрлық қана емес, Сотүстік Америка мен Азия елдерінің тұрғындарын да әлекке салды. Орман өрті жиілеп кетті. Қуаңшылыққа байланысты көп елде суды тұтыну шектелді. Жаһандық жылынумен күресте әлем елдері қазбалы отыннан біртіндеп бас тартып, баламалы энергия көздеріне көшуде. Бірақ қазір әлемде энергетикалық дағдарыс өршіп тұр. Сарапшылар бұл климаттың өзгеруімен күрес шараларын тежеп отырғанын айтады.
Жұлдыз Атагельдиева, Сандуғаш Байқуаныш, «Хабар-24».