Жанармаймен жүретін көліктерге тыйым салынуы мүмкін
2035 жылдан бастап Оңтүстік Кореяда бензин, дизельмен жүретін көліктердің жүруіне тыйым салынуы мүмкін.
Жергілікті автоөндірушілердің бірі дәстүрлі қозғалтқышы бар модельдерді сатуды тоқтатады. Бұл шаралар халықтың электрмобильдерге көшуін жылдамдатпақ. Қазір тұрғындар арасында экологиялық таза машиналардың үлесі тым аз. Сондықтан биілік осындай қадамдарға баруға мәжбүр.
Сеулден 80 шақырым жерде орналасқан Асан қаласында 198 мыңға жуық көлік тіркелген. Оның 3400-і ғана электр қозғалтқышымен жабдықталған, бұл 2 пайызға да жетпейді. Сондықтан болар электр қуатымен жүретін көліктерге арналған қуаттау бекеттері бос тұрады. Станция тәулік бойы жұмыс істейді және мұнда машинаны тегін қуаттауға мүмкіндік бар.
Электр көліктерді зерттейтін Ким Хен Иль 10 жыл бойы бензинмен жүретін көлікті тізгіндейді. Келер жылы ол электромобильге көшуді жоспарлап отыр.
Ким Хен Иль, сарапшы:
- 2025 жылы электр көліктерінің саны күрт өседі. Сонда зарядтау бекеттері жетпеуі мүмкін, ал қазір тапшылық жоқ. Электр көліктерге ақылы жолда жүруге 50% жеңілдік бар. Қуаттау әдеттегі қозғалтқышқа қарағанда 2 есе арзан. Сонымен қатар, электр көлікті сатып алғанда мемлекет 7 жарым мың доллардан астам субсидия береді.
Электр көліктің ең үлкен кемшілігі - өрт қаупісіздігі. Статистикаға сәйкес, электр машинада өрт жиі тіркелмесе де, қызыл жалынды сөндіру өте қиын.
Ким Гван Сон, Корея өртті зерттеу қауымдастығының президенті:
- Оңтүстік Кореядағы ережеге сәйкес, көпқабатты үй салу кезінде автотұрақтардың 50 пайызы электромобильдерге арналған болуы керек. Бұл әдетте жерасты тұрағы. Бірақ, егер өрт болса, электромобиль тез жанып, өрт көрші көліктерге, содан кейін тұрғындардың пәтерлеріне таралуы мүмкін. Сондықтан электромобильдерді көше тұрақтарына немесе ғимараттардың шатырына қойған дұрыс.
Электркөліктердің өзге де кемшіліктеріне тоқталатын болсақ, оны қуаттау жарты сағатқа созылуы мүмкін. Ал толық қуатталған кезде электромобиль ең көп дегенде 500 шақырым жүре алады. Суық мезгілде батарея тез таусылады. Сонымен қатар, оның қызмет ету мерзімі 7 жыл, содан кейін жаңа батарея сатып алуы керек. Ал оның бағасы – жаңа электркөлік бағасының шамамен 40%-ына тең.
Электромобильдердің барлық кемшілігіне қарамастан, оңтүстіккореялық жүргізушілер мұндай көліктерге көшуге мәжбүр болады. Өйткені жанар-жағармай өндіруге қажетті шикізаттың жүз пайызын сырттан әкелуге тура келеді. Сонымен қатар, атмосфераға таралатын қалдықтарды азайту бойынша халықаралық міндеттемелерді орындау қажет.
2035 жылдан бастап Оңтүстік Корея іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктерді тіркеуге тыйым салуды жоспарлап отыр. Ал ірі жергілікті автоөндірушілердің бірі 2040 жылдан бастап бензин мен дизельді қозғалтқыштары бар модельдерді сатуды тоқтатады. Бұл алдағы 15 жылда көліктердің дені электр қуатына толықтай көшеді деген сөз.
Владислав Цой, Ольга Лян, «Хабар-24», Оңтүстік Корея.