С5+1. АҚШ Азиядан не күтеді?
С5+1 саммиті бірінші рет президенттер деңгейінде өтеді.
Бұл АҚШ-тың аймаққа деген жаңа саясатының көрінісі іспеттес. Вашингтондағы сарапшы Камран Бохари осындай пікірде.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясының аясында Нью-Йоркте жоспарланып отырған жиында бес елдің басшысы АҚШ президенді Джо Байденмен жолығады.
Бұл жиынға Орталық Азия елдерінің басшылары Душанбедегі консультативтік кеңестен соң, ішінара мәселелерін пысықтап келгелі отыр.
Америкалық сарапшылар биылғы С5+1 саммитіне ерекше назар аударып отыр. Нью лайн институтының директоры Камран Бохари аймақ елдері мен АҚШ өте маңызды кезеңде тұрғанын айтады.
Байден әкімшілігі барынша Орталық Азиямен байланысты тереңдетуді қалайтынын байқатып отыр. Әлбетте аймақтағы көшбасшы саналатын Қазақстанмен қатынасты нығайта түсуге мүдделі, дейді ол.
Оның сөзінше, елімізде жүргізіліп жатқан саяси-экономикалық реформалар аймақтың да саяси ахуалына әсер етеді.
Камран Бохари, «Newline institute» сараптамалық даму институтының директоры:
- Мемлекеттер арасындағы қақтығыс, Қытайдың экономикалық проблемалармен бетпе бет келуі сияқты күрделі кезеңде тұрмыз. Сондықтан қазір нақты әрекет жасайтын уақыт келді. Меніңше бұл өзгерістерді ертерек бастау керек еді. Бірақ әрекетке ешқашан кеш емес. Сондықтан біз президенттер деңгейіндегі бұл кездесуден нақты нәтиже күтеміз. Меніңше АҚШ Транскаспийлік энергетикалық сауда дәлізін ғана емес сондай-ақ орта дәліздегі сыртқы байланыстарға өте мүдделі. Әрине көп нәрсе жасауға болады. Мен Вашингтонға Орталық Азиямен қарым-қатынасын орнатуы керегін көптен бері айтып жүргенмін. Оның біртіндеп жүзеге асып жатқанына қуанамын.
«The Diplomat» соңғы уақытта АҚШ-тың лауазымды шенеуніктерінің Орталық Азияға сапары жиілеп кеткенін жазды. Сәуірде АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Дональд Лудан бастап біраз ықпалды саясаткерлер мен сенаторлар аймаққа келді. Осыдан-ақ, АҚШ-тың өңірге деген үлкен қызығушылығы байқалады. Әрине географиялық және геосаяси жағынан үлкен маңызға ие Орталық Азияның өз ұстанымы бар.
Ержан Ашықбаев, ҚР АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Mенің пайымдауымша, бүкіл Орталық Азия мемлекеттерінің ойынан шығып отырған бір мақсат – бұл Қазақстан болсын, Орталық Азия болсын жаһандық үлкен державалардың теке-тіресінің алаңы болмай, қайта олардың сындарлы ынтымақтастарының үйлескен жері. Бұл аймақтық даму, қауіпсіздік, бейбіт өмірдің дамуына өз септігін тигізе отырып, бүкіл жаһандық деңгейде де бейбітшілік пен қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне үлкен үлес қосары анық.
Геосаяси жағдай күрделенген сайын АҚШ Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті байланыстыратын аймақтың әлеуеті мол екенін мойындай бастады. Бүгінге дейін Орталық Азияға АҚШ-тың бірде бір президенті аяқ баспаса да, енді жағдай өзгеруі мүмкін.
Нұрбек Бекен, «Хабар-24», Вашингтон.