Ливияда апаттан қанша адамның көз жұмғаны нақтыланды

Ливияның Дерна қаласында денсаулық сақтау саласындағы ахуал ушығып барады.

Бұл жақында болған алапат су тасқынынан ең қатты зардап шеккен өңір. Мұнда ауруханалардың біразы қираған. Дәрі-дәрмек жетпей жатыр. Оның үстіне түрлі аурулардың таралу қаупі жоғары. Өйткені сумен қамтамасыз ету жүйелері зақымданған. Сондықтан жергілікті билік халықаралық қауымдастықтан көмек сұрап отыр. Айта кеткен жөн, бірнеше күн бұрын Ливияда Даниэль дауылы ойран салып, соңы су тасқынына ұластқан еді. Құрбандар санына қатысты түрлі мәлімет келіп түсіп жатыр. Ақпарат көздері 11 мың адамның опат болғанын хабарлаған. Бірақ биліктің келтірген соңғы мәліметі бойынша 5 жарым мың адамның қазасы расталған.

Осман Абдул Джалил, Ливияның денсаулық сақтау министрі:

"Қазір 7 аурухананы қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. "Шекарасыз дәрігерлер" халықаралық ұйымының мамандары елімізге келді. Олар волонтер ретінде жұмыс істеуге келісіп отыр. Су тасқынанан кейін жақындарынан айырылған адам көп. Үй-күйсіз қалғандар да жетерлік. Олардың барлығына психологиялық көмек қажет. Өкінішке қарай, біздің елде ондай маман аз".