Белсенділер Бранденбург қақпасын бояп тастады
АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында жаһандық жылынуға қарсы ауқымды наразылық шеруі өтті.
Шараға 75 мың адам қатысты.
Шерушілер жергілікті биліктен қазбалы отындарды пайдаланудан бас тартуды сұрап отыр. Олардың айтуынша, бұл жер шарындағы климаттың өзгеруінің басты себебі. Шара БҰҰ Бас Ассамблеясының осы мәселені талқылауға арналған отырысы алдында ұйымдастырылды. Айта кетейік, АҚШ әлемде ірі мұнай және газ өндіруші мемлекет болып саналады.
Александрия Окасио-Кортес, конгрессмен:
- АҚШ-та қазбалы отындарды игеру бойынша бекітілген келісімшарт көп. Біз билікке мұндай шешіммен келіспейтінімізді көрсетуіміз керек. Бұл қоршаған ортаға зор зиян келтіріп жатқандықтан оны тоқтатуға күш салуымыз қажет.
Белсенділер Бранденбург қақпасына бояу шашты
Германия астанасында да бір топ табиғатты қорғаушы наразылық акциясын өткізді. Олар Берлиндегі Бранденбург қақпасына бояу жақты. Белсенділер осылайша биліктің мәселеге назарын аудармақ. Мұнда да табиғат жанашырлары үкіметті қазбалы байлықты игеруді тоқтатуға шақырып отыр.