БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің реформасы

Жаһандағы тұрақты дамудың 2030 жылға дейінгі 17 мақсат-міндеті.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясында жеті жыл бұрын қабылданған стратегиялық құжатта қаралған мәселелердің қайсы шешімін тапты, қайсы орындалмады?

БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясы қарсаңында, жаһандық тұрақты дамуға қатысты біраз баяндама жарыққа шыққан еді. Өкінішке қарай, 15 жылға белгіленген мақсат-міндеттерді орындау қарқыны көңіл көншітпей тұр. Осыған байланысты, Бас Ассамблеяның сессиясында бірқатар мәлімдеме жасалатын сыңайлы.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің реформасы

БҰҰ-ы Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясында назар аударатын 5 негізгі мәселе бар. Оның бірі – қауіпсіздік кеңесін реформалаудағы қадамдар. Былтыр АҚШ Президенті Джо Байден кеңестің тұрақты және уақытша мүшелерінің санын арттыруды қолдайтынын жеткізген. Оның ішінде тұрақты мүшелердің қатарына Африка мен Латын Америкасының елдерін қосуды құптайтынын аңғартты. Ал Қытай мен Ресей тараптары Үндістан мен Бразилияны қосқысы келеді. Қауіпсіздік кеңесінің құрамы соңғы он жылдан бері күн тәртібінен түспейтін мәселе екенін айта кеткен жөн. Осы уақытта күрмеуі қиын түйткілді шешуде АҚШ қандай іс атқарды? Джо Байден Бас Ассамблеяның сессиясында осы сауалға жауап береді. Қандай ұсыныс тастайды екен деп қатысушы елдер құлақ түретіні белгілі.

Бірақ оның сөзі қаншалықты өтімді болмақ? Осы жағы беймәлім. Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты 5 мүшесі болса, бұл жолғы сессияда жалғыз Президент, Байден ғана қатысады. Қытай, Ресей, Франция мен Ұлыбританияның мемлекет басшылары түрлі себеппен Нью-Йорқа келе алмады.

Бас ұйым болашаққа болжам жасады

Жаһан назарын аудартатын екінші мәселе – тұрақты дамудың мақсаттары.  БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл стратегияны қабылдағалы 7 жыл өтті. Оны толық орындауға тағы 7 жыл бар. Бірақ аралық нәтиже көңіл көншітерлік емес. Ұйым белгілеген 17 мақсат-міндет ойдағыдай орындалмай жатыр. Дүниежүзіндегі кедей елдердің халі пандемияға дейінгімен салыстырғанда нашарлай түскен. Жаһандық климаттың өзгеруін тежеу бәсең жүріп жатыр. Стратегияны орындау мерзімі жақындап қалды, ал діттеген мақсатқа жету жолы әлі алыс.

Әмина Мұхаммед, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары:

- Көздеген мақсаттардың тек 15 проценті ғана орындалып жатыр. Бұл жаға ұстататын жағдай. Бас Ассамблеяға осындай көрсеткішпен жиналмақпыз. Мұндағы әрқайсымыздың үлесіміз бар. Әлемдегі теңсіздікті жоюда қалыс қалдық. Тіпті керісінше, әлемдегі дүрдараздық өршіп тұр. Гендерлік теңдікті орнатуға жүздеген жыл керек. Бірақ ендігі аптада көзқарасты түбегейлі өзгертуге мүмкіндік бар. Қолданар құралымыз да бар. Тек  діттеген мақсатқа қол жеткізуге бәріміз бірдей күш салуымыз керек.

Белгілеген межеден қалудың салмақты себебі бар. Ол әрине, жер-жаһандағы геосаяси кикілжіңдер мен дүниежүзі халқына ауыр соққан пандемия. Дей тұрғанмен, кей салада оң өзгеріс байқалады. 2030 жылға дейін 146 мемлекетте 5 жасқа дейінгі бала өлімінің саны қысқарады деген болжам бар. 2015 жылдан бері әлем халқының интернетті қолдануы 65 процентке өскен. Дүниежүзіндегі 800 млн адам электрқуатына қол жеткізді. 

Тұрақты дамуды қаржыландыру қиын

Биылғы сессиясында Бас Ассамблея донор-мемлекеттердің белсенділігіне сын білдіретін сыңайлы. Тұрақты дамудың көрсеткіштері мақұлданған кезден бері жыл сайын бөлінетін қаржы мөлшері 4 триллион АҚШ долларынан асқан еді.  Алайда миллиардтан триллионға өту соншалық оңайға түспеді. Донор елдері климатқа жыл сайын 100 миллиард доллар бөлеміз деген 2009 жылғы уәдесін орындамаған. Экологияға келтірілген зардаптың орнын толтыру мақсатында былтыр бәрі мақұлданған қор да жұмысын бастай алмады.

Дэвид Ханиф БҰҰ Бас хатшысының экономика және әлеумет жөніндегі көмекшісі:

- Бұл саммит дүниежүзі міндеттерді орындау жиыны ретінде қабылдайды. Ниетіміз дұрыс. Мақсатымыз айқын. Оларға қол жеткізудің құралдары бар. Бірақ қаржы жетіспейді. Әлемнің 3 млрдтан астам халқы тұратын мемлекеттерде тұрғындары табысының көп бөлігін білім мен денсаулығына емес, қарыз бен несиесін өтеуге жұмсаса, қалайша біз тұрақты дамудың мақсаттарына қол жеткізе аламыз?  Осы мәселенің басын саммитте ашып алу керек.

Пандемияның зардабын әлем халқы бірдей тартты. Сондықтан Бас Ассамблеяның 78-ші сессиясы қоғамдық денсаулық мәселесін назардан тыс қалдырмақ емес. Қыркүйектің 19-ы мен 23 аралығында өтетін алқалы жиында Бас хатшы Антониу Гутерриш БҰҰ-ы туының астына бірігуге үндейтіні белгілі.