Францияда шарап өндірушілер рекорд орнатпақ
Бургундияда жүзім жинау науқаны – қызу.
Қарбалас тірлікке үлес қосу үшін жұмысшылар әлемнің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатыр.
Бұл – әлемдегі ең алып Шато де Поммар жүзім алқабы. Жеміс жинау үшін тұрғындар таң алакеуімнен тірлікке кіріседі. Жұмыс өнімді болу үшін комбайнның да көмегін пайдаланады. Алқап басшысының айтуынша, жүзімнің түріне қарай оны жинау уақыты да әрқалай.
Жан-Реми Фрей, жүзім алқабының басшысы:
- Биыл ауа райы жылдағыдан өзгеше болды. Көктемгі құрғақшылықтан жүзімдер сәл өзгеріске ұшырады. Маусым мен шілдеде найзағай мен жаңбырдан көз ашпадық. Мұндай күн райы шарап өндірушілер үшін қиындық туғызады. Бірақ науқан барысында жүзімнің тәуір, әрі аз емес екеніне көз жеткіздік.
Жүзім алқабына жиналған жұмысшылардың көбі өзге елден арнайы келген. Бұл – кейбірі үшін алғашқы жеміс жинау маусымы.
Джозеф Балла, жүзім жинаушы:
- Менің жүзім алқабына алғаш рет келуім және алғашқы рет жеміс жинау маусымына атсалысуым. Сондықтан мен үшін қызық әрі тәжірибе үшін маңызды. Мұндағы атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Маған ерекше ұнайды.
Коста-Рикалық Присцилла шараптың жасалу жолымен танысып, сомелье жаттығуын меңгеру үшін арнайы келген. Оның жүзім сусынына деген сүйіспеншілігі ерекше.
Присцилла Круз, жүзім жинаушы:
- Жүзім жинау барысында топырақтың иісін, алқаптың әдемілігін сезініп, саф ауасымен тыныстау керек. Жер-Ана бізге мол несібе, таңғажайып дүниелер береді. Бұл әсерді сезінудің өзі ерекше.
Жүзімдіктен 17 шақырым жерде орналасқан өндіріс орнында шараптың сан түрі дайындалады. Кей сусынның бір ғана бөтелкесі нарықта жүз долларға бағаланады. Себебі бұл экоөнім, құрамында жасанды қоспа жоқ.
Пол Негрери, бас шарап жасаушы:
- Шарап өндіру үшін ең маңыздысы – жүзімді өз уақытында жинау. Біз ерте не кеш емес, нағыз қолайлы уақытында іске кірістік, енді жақсы нәтиже күтеміз.
Бірнеше күннен соң соңғы жүзім үзіліп, жеміс жинау маусымы тағы бір жылға аяқталады. Осылайша үлбіреген жемістер нарыққа жол тартады.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева