Биыл әлемде 700 млн адам саяхаттаған. Шартарап
Туризмнен түсетін табыс мол.
Мұны соңғы статистика айғақтап отыр. Әсіресе Еуропа бойынша көрсеткіш жақсы. Дүниежүзілік туризм ұйымының мәліметінше, саладағы сандар пандемияға дейінгі деңгейге жуықтап қалған. Азияда да ілгерілеу байқалады.
Биыл демалушылар саны пандемияға дейінгі көрсеткіштердің 91%-іне жуықтаған. Саладағы ахуал тұрақталғасын, кейбір елдер туристік салықты өсіріп жатыр.
Туристік алым артады
Биыл әлемде 700 миллион адам саяхаттаған. Бұл былтырмен салыстырғанда, 43%-ке көп. Еуропада демалғандар жетерлік. Мұнда туристердің сүйікті орындарының бірі – Грекия. Эллада елінің билігі келер жылдан бастап туристік салықты көтеруге ниетті. Ол шамамен 2,5 есе өседі. Мысалы, бес жұлдызды қонақ үйде тұратын меймандар қазір күніне 4 еуро төлсе, 2024 жылдан бастап ол 10 еуро болады. Пәтерлерін жалға беретін гректерді де өзгерістер күтуде. Олар үшін де салық өседі. Мұндағы мақсат – жиналған ақшаға кейінгі жылдары табиғат апаттарынан зардап шеккен өңірлерді қалпына келтіру. Өйткені орман өртінен биыл Родос және Корфу аралдары қатты зардап шеккен. Демалушылар тоқтайтын орындардың көбі бүлінген. Билік туристік алымнан қосымша 300 миллион еуро жинауға ниетті.
Туризмнің кері тұсы
Еуропаға демалуға барғандардың сүйікті орны – Венеция билігі де туристік алым енгізеді. «Су үстіндегі қалаға» бір күнге келген саяхатшылар келер жылдың көктемінен бастап 5 еуро төлейді. Ережеден жасы әлі 14-ке толмағандар босатылады. Бастама 2019 жылы көтерілген. Бірақ пандемия салдарынан кейінге қалды. Шаһардың орталық аудандарында тұрғындардан гөрі саяхатшы көп. Бұл жергілікті жұртқа көп қолайсыздық тудырады. Сондықтан көбі үйлерін жалға беріп қойып, өздері басқа өңірлерге көшіп кеткенді жөн көреді екен. Алым енгізудің себебі – осы, - дейді билік өкілдері.
Мишель Зюин, Венеция әкімшілігінің өкілі:
- Мұнда қонатын қонақтар салықты төлемейді. Алым Венецияға бір күнге ғана келетін туристерге қатысты. Өйткені шаһардың орталық аудандарының тұрғындары үшін көп қолайсыздық туындайды. Бұл тек бізде ғана бар мәселе емес. Флоренция мен Рим жұрты да осындай қиындықтарға тап болған.
Джейн да Мосто, эколог:
- Саяхатшылардың келгені жақсы ғой, әрине. Алайда таяқтың екі ұшы бар демекші, туристердің көптігінің кері тұсы да жоқ емес. Венецияда адамдардың өмір сүруіне, жұмыс істеп, халық санының көбейтуіне жағдай жасауымыз керек. Бірақ демалашылар нөпірінен ол мүмкін болмай тұр.
Валютаның құнсыздануы туристер үшін тиімді
Азияда да туризмнен түскен табыс артып келеді. Жапонияда шілдеде демалған шетелдіктер саны пандемияға дейінгі 2019 жылдың сол кезеңімен салыстырандағы көрсеткіштердің 80%-іне жеткен. Сарапшылар оған ұлттық валюта – иенаның құнсыздануы себеп дейді. Бұл Жапониядағы демалысты бұрынғыдан да қолжетімді етіп отыр.