Өзбек сарапшылары Қазақстандағы өзгерістерді жіті бақылайтын болды
Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастық аясын кеңейте түспек.
Көрші мемлекеттер аймақта тұрақтылықты сақтап, көлік дәлізін дамыту мен су ресурстарын тиімді пайдалану ісін бастап кетті. Мұндай ұстаным Орталық Азияның жаңа экономикалық серпілісіне сеп. Ташкентте бас қосқан екі ел дипломаттары мен сарапшылары осы мәселе төңірегінде ой бөлісті.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Өзбекстанның сарапшылар қауымдастығы кейінгі кезде Қазақстанда болып жатқан экономикалық һәм саяси өзгерістерді жіті бақылайтын болды. Орталық Азия ауқымды интеграция кезеңіне аяқ басқан тұста бұл өте маңызды. Түрлі зерттеу институттары таяуда жарияланған Қазақстан Президентінің Жолдауын қызу талқылады. Ал ондағы жаңа экономикалық бағдар мен бастамаларға жергілікті ақпарат құралдары ауқымды сараптама арнады.
Қазақстан саяси реформаларын жүйелі жолға қойып, әлеуметтік-эконимикалық тұрғыда түрлене түсті. Бұған өндірістік базаның өңдеу өнеркәсібіне түбегейлі бетбұрысы дәлел. Мұндай өзгеріс өзбекстандық сарапшыларды бей-жай қалдырмады. Экономикалық бағдардың жаңа үлгісі екі ел үшін өзекті энергетика саласын да қамтып отыр.
Бахтиёр Эргашев, Өзбекстан зерттеу бастамалары орталығының директоры:
- Өзбекстан мен Қазақстан қазір индустрияландырудың бұған дейінгі кемшіліктерін ескеріп, жаңа үлгісін біркелкі жүзеге асыра бастады. Оған қаржы тартудың түрлі тәсілін қолданып жатыр. Бұл іске тек тікелей шетелдік инвестиция тартып жатқан жоқ. Мемлекеттің өзі басты қаржы көзі болып отыр.
Көршілес елдердің көлік жолдарын дамыту бағытындағы ұстанымы ұқсас. Бір ғана транскаспий дәлізі тұтас аймаққа оң әсер етеді. Ал Өзбекстан мен Түрікменстан арқылы өтетін «Солтүстік-Оңтүстік» бағыты ежелгі сауда жолдарын қайта жаңғыртуға тиіс. Дегенмен өңірлік деңгейдегі түйткіл де жоқ емес. Ортақ трансшекаралық өзендер суы қазір біркелкі деңгейде жетпей жатыр. Екі ел де стратегиялық жоспарында бұл мәселеге ерекше мән берген.
Бейбіт Атамқұлов, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Су үнемдеу технологиясына ерекше екпін жасалып отыр. Таяуда Душанбеде өткен саммитте бұған қатысты біраз бастама көтерілді. Қазақстан Президентінің жолдауында да су ресурстарына қолжетімділікті арттыру жайы атап өтілді. Бұл ретте, көршілермен тиімді әрекет ету әрі осы салаға соны технологияларды енгізу қажеттігі айтылды.
Стратегиялық мақсат-міндетті біріктіретін тағы бір сала – әкімшілік реформа. Қазақстандағы әкімдерді сайлау үрдісінің оң ықпалы тұтас аймаққа үлгі болып отыр.
Равшан Назаров, Өзбекстан Ұлттық ғылым академиясының бөлім меңгерушісі:
- Қазақстанның кадрлық әлеуеті күшті. Жолдауда белгіленген міндеттерді орындауға әбден қабілетті дегім келеді. Атқарушы органдар арасында тепе-теңдік бар. Саяси және экономикалық үрдістерді бір деңгейде орындай алады.
Сарапшылық қауымдастық жаңа экономикалық бағдардың алдағы 5 жылда толық нәтиже беретініне сенімді. Әрі оның оң әсерін Қазақстан ғана емес, көршілес елдер де көреді деген пікірде.
Рауан Мыңбаев