Сиам шығанағында ерекше балдыр гүлдеді
Таиландтың Сиам шығанағында ерекше балдырлар гүлдеп, су асты жасыл түске боялды.
Алайда планктонның көбеюінен су астындағы тіршілік иелеріне қауіп төніп тұр.
Нефрит шығанағының көрінісі алыстан менмұндалайды. Жақындаған сайын су бетіндегі шіріген балық пен көк шөптің иісі қолқаны қабады. Зиянкес балдыр гүлденіп жатыр. Микроорганизмдердің уы бар. Салдарынан шығыс Чонбури провинциясының жағасында мидий өсіруге арналған 260 учаскенің 80 пайызы зардап шекті.
Сучат Буават, балықшы:
- Менің есептеуімше, келген шығын шамамен 15 мың долларға жуықтайды. Мидийлерді басқа жерде де өсіремін. Ал бұл маңдағы шаруалар үшін үлкен шығынға батты.
Тануспонг Покаванич, ғалым:
- Судағы планктондар барлық қоректік заттарды қабылдайды, жарық жетіспеушілігінен өледі. Қалдықтары теңіз тұңғиығына кетіп, бактерияға айналады. Бұл судағы оттегінің мөлшерін азайтып, балықтардың жойылуына әкеп соғады.
Ғалымдар судың құрамын зерттеу барысында балдырдың жаңа түрін тапты. Жасушалылардың жаппай көбеюі климаттың өзгеруінен болып отыр деген болжам бар.
Тануспонг Покаванич, ғалым:
- Тынық мұхитындағы толқынды ағыс енді Таиландқа әсер етуі мүмкін. Бұл құбылыс құрғақшылық пен теңіз температурасының көтерілуіне әкеп соғады. Эль-Ниньо ағысы мен балдырлардың гүлдеуі арасында қандай да бір байланыс бар. Бірақ ғылыми тұрғыда нақты дәлелденген жоқ.
Спутниктік зерттеулер бойынша соңғы 20 жылда дүниежүзілік мұхит аумағының 56 пайызы жасыл түске өзгерген. Бұл құбылысты бақылау үшін 2024 жылдың қаңтар айында НАСА ғарыш кемесі ұшырылады деген жоспар бар.
Әсия Нұрлыбаева