Қымбатшылықпен күрес
Канада Орталық банкі пайыздық мөлшерлемені былтырдан бері 10 рет көтерді.
Өйткені инфляцияны тежеудің басқа амалы қалмаған. Көптеген қаржыгерлер АҚШ-тың Федералдық қор жүйесі де жақында өткен отырыстан кейін осындай шешім қабылдай ма деп күткен еді. Алайда агенттік өкілдері мөлшерлемені әзірге сол деңгейде сақтап қалған дұрыс деп шешті. Ал Франция билігінің қымбатшылықпен күрес шаралары жергілікті кәсіпкерлердің көңілінен шықпай отыр.
Франция билігі жанармай құю бекеттеріне бензинді көтерме бағасынан арзанға сатуға рұқсат беретін болды. Бұл инфляцияны тежеу үшін қажет. Өткен айдың қорытындысы бойынша, ол 6 пайызға жуықтаған. Бұл жергілікті кәсіпкерлердің наразылығын тудырды. Өйткені олар шығынға батады. Елде бензинді көтерме бағасынан төмен сатуға 60 жыл бұрын заңмен тыйым салынған еді. Бұл нарықтағы бәсекелестікті сақтау үшін жасалған болатын. Бірақ Еуропаның өзге елдеріндегідей Францияны да қымбатшылық жайлап барады. Сондықтан билік заңның күшін жоюға шешім қабылдады. Жаңа ереже биыл желтоқсанда күшіне енуге тиіс.
Канада. Инфляция тежеуге көне ме?
Канадада бензин қымбаттап, инфляция ырық бермей, қазірдің өзінде 4 пайыздан асып кеткен. Орталық Банк өкілдері, экономикалық ахуал тұрақталуы үшін тиісті көрсеткіш екі есе төмен болу керек дейді. Бұдан бөлек соңғы екі айда азық-түлік құны да шарықтап барады. Баспана бағасы да удай. Жұмыссыздар саны күрт көбейді. Билік инфляциямен күрес шарасы ретінде былтырдан бері пайыздық мөлшерлемені 10 рет көтерген. Сарапшылар Канада банкі бұл жолы тағы да осындай қадамға баруы мүмкін екенін ескертеді.
АҚШ-та пайыздық мөлшерлеме өзгермейді
Ал АҚШ-тың Федералдық қор жүйесі бұл жолы пайыздық мөлшерлермені көтермейтін болды. Кейінгі бір жарым жылда агенттік оны 11 рет өсірген. Бірақ бірнеше күн бұрынғы отырыс қорытындысы бойынша сол деңгейде сақтап қалу туралы шешім қабылданды. Сонда да ол соңғы 22 жылда болмаған ең жоғарғы межеге жетті. Федералдық қор жүйесінің өкілдері инфляция ары қарай өссе, қаржы-несие саясатын қатаңдатынын ескертті. Демек пайыздық мөлшерлеме тағы да артуы мүмкін деген сөз.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Зәреш Думанқызы