Анкарада ІТ саласына арналған қазақ-түрік бизнес форумы өтті

2 күнге жалғасқан жиында жүзге жуық кездесу ұйымдастырылған.

Қазақ-түрік IT саласының білікті мамандары мен озық компанияларының басын біріктірген форум осымен үшінші рет өтті. Оған қос елден 50-ге жуық компания қатысты. Мақсат - сала мамандары арасында ынтымақтастықты тереңдету және компаниялардың сыртқы сауда мүмкіндіктері мен халықаралық бәсекелестік деңгейін арттыру.

Әлішер Шоманов, ақпараттық технологиялар саласын дамыту басқармасының басшысы:

- Президентіміз айтқандай, Қазақстан  IT еліне айналу керек. Бүгін бірінші күн. Қазір компанияларымыз келіссөз өткізуде. Жалпы айтақнда, осы іс- шарада біздің компанияларымыз маңызды мемарандум және келісімдерге жетеді деп сенемін.

Нихал Язган, кәсіпкерлік, ынтымақтастық және технологиялар трансферінің менеджері:

- Түркия мен Қазақстан арасында ынтымақтастықты дамытуға болатын көптеген бағыт бар. Әсіресе, ақпараттық сала. Осыған байланысты, сала мамандарының басын біріктіруді ұйғардық. Бұған дейінгі қос кездесуде нақты нәтижелерге қол жеткізген едік. Бұл жолы да тараптар арасында келісім жасалады деген ниеттеміз.

B2B форматында өткен кездесуде ақпараттық технологияларды қорғаныс өнеркәсібі, қаржы және білім беру саласында тиімді қолдануға және қауіпсіздік пен электрон қолтаңба жасауға қатысты өнімдер таныстырылды. Қатысушылардың айтуынша, мұндай жиынның маңызы ерекше.

Оғуз Йылмаз, киберқауіпсіздік сарапшысы:

- Біздің компания - Түркияның киберқауіпсіздік саласындағы тұңғыш өндіруші. Өз өнімдерімізді көрсету және басқа жаңалықтармен танысу үшін келдік. Осы форматтағы кездесулер саланы дамытумен қатар бірлескен жобаларды бастауға мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылар IT саласындағы Қазақстан-Түркия бизнес форумын жылына бірнеше рет өткізуді дәстүрге айналдырмақ ниетте. Кездесулер нәтижесіз емес. Бұған дейін бір түрік компаниясы Астанада өз кеңсесін ашып, тағы 3 компания арасында келісімге қол қойылған.

Авторы: Меруерт Қанағат