Орталық Азия елдері табиғи апатты ерте хабарлайтын жүйені іске қоспақ
Орталық Азия елдері бірлесе табиғи апат туралы алдын ала хабарлайтын жүйені іске қоспақ.
Бұл жүйе көрші елдердің жедел қызметінің өзара байланысы арқылы жұмыс істейді. Климаттың өзгеруі және Орталық Азияның тұрақтылығы бойынша өткен диалог барысында осы мәселе талқыланды. Бішкекте мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар және ғалымдар кездескен еді. "Климаттық катаклизмдер қоршаған ортаға, экономикаға және тұрғындардың денсаулығына зиян келтіруде. Ерте ескерту жүйесі аймақтағы табиғи апаттың қаупін азайтады", дейді сарапшылар. Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырылды. Естеріңізге сала кетейік, ұйымның бастамасымен 2027 жылға қарай планетаның әрбір тұрғыны ерте ескерту жүйелерімен қорғалатын болады.
Серік Әубәкіров, Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығының директоры:
- Орталық Азия елдеріне тайфундар мен жанартаулардан басқа тәуекелдер тізіміндегі өзге апаттардың бәрі қауіпті. Өйткені бұл мемлекеттердің мұхитқа шығу мүмкіндігі жоқ. Төтенше жағдай орын ала қалған жағдайда, оның бәрі де трансшекаралық сипатқа ие. Яғни, бір мемлекетте туындайтын қауіп немесе төтенше жағдай көрші елдің тұрғындары үшін де қатерлі. Осы үшін біз трансшекаралық сипаттағы елдеріміздің халқы үшін өңірлік ерте хабарлау жүйесін құру туралы шешімге келдік.