Қытайдың Ханчжоу қаласында Азия ойындары басталды

Қазіргі бессайыстан қазақстандық Павель Ильяшенко мен Кирилл Стадник финалға жолдама алды.

Аслан Қаженов:

- Қытайдың Ханчжоу қаласында бүгін үлкен қарбалас. Өйткені Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты өтеді. Осыған байланысты көшелердің көбін жауып, көлік қозғалысына шектеу қойылып жатыр. Ол жайлы сәл кейінірек айтамыз. Алдымен алғашқы күндердердегі іріктеу жарыстарының қорытындысына тоқталайық. Иә, ең тәуір нәтижені бессайыс өкілдері берді. Қазақстандық Павель Ильяшенко мен Кирилл Стадник өте сәтті өнер көрсетіп, медальға таласуға мүмкіндік алды.

Айта кету керек, бұнда климат тым ылғалды. Міне, 3 күн бойы аспанды бұлт торлап, жаңбыр жауып тұр. Бұның барлығы спортшыларға кері әсер ететіні анық. Соған қарамастан қос жерлесіміз әзірге үмітті ақтап жатыр.

Павел Ильяшенко, бессайыстан ұлттық құраманың мүшесі:

- Ақтық сынға 9 адам өтеді. Мен 6-шы орынға тұрақтадым. Барлығы ойдағыдай өтті. Дайындығымыз жақсы. Ішкі сенім де бар. Бірақ нәтижеге тоқмейілсуге болмайды. Енді қайтадан бапқа келіп, финалдық сында барымды салуға тырысамын.

Бұған қоса үстел теннисінің өкілдері де алғашқы кездесулерін өткізді. Бірақ қазақстандық қыз-жігіттердің жолы бола қоймады. Ерлер құрамасы Тайпей, ал қыздар құрамасы Қытай спортшыларынан ұтылды. Сонымен қатар волейбол бәсекелері де өтіп жатыр. Қазақстанның ерлер құрамасы іріктеу кезеңі аясында Жапония жігіттерімен жолығып, 3:0 есебімен есе жіберді. Жағадай волейболында да ұлттық құрама Қытай командасынан жеңілді.

Борис Гребенников, волейболдан ұлттық құраманың бас бапкері:

- Жапония құрамасы барлық жағынан басым болды. Оны мойындау керек. Әр ойында қателіктерді ескеріп, оны қайталамауға тырысамыз. Азия ойындарында бәсекелестік өте жоғары. Сондықтан физикалық және психологиялық дайындықтан бөлек, тактикалық тұрғыда да терең ойлану керек.

Бүгін жарыстар өтіп жатқан жоқ. Өйткені, жоғарыда айтқандай, бұнда ашылу салтанатына дайындық. Ол «Үлкен лотос» деп аталатын жергілікті аренада өтеді. Стадионның сыйымдылығы 80 мың адамды құрайды. Кейін ол жерде жеңіл атлетика бәсекелері болады.

Айта кетейік, осыдан 4 жыл бұрын Индонезияның Джакарта қаласында өткен құрлықтық додада жерлестеріміз жалпы есепте 9-шы орынға тұрақтаған болатын. Ал биылғы мақсат – осы межеден асып түсу, тіпті мүмкіндік болып жатса, алдыңғы бестікке кіру. Сәйкесінше ұлттық құрамамыз жарқын жеңістерімен қуантып, осы мақсатқа қол жеткізеді деген үміттеміз.

Авторы: Аслан Қаженов.