Боливиялық компания озық үлгідегі қол протезін жасап шығарды
"Ол барлық қимыл-қозғалысты жасауға өте ыңғайлы", - дейді мамандар.
Тұтынушыларға да ұнап жатыр.
Боливияға жасанды аяқ-қол негізінен Еуропа мен Солтүстік Америкадан жеткізіледі. Бағасы удай. Сарапшылар бұл протезді алу үшін тұрғындар айлығын 6 жыл жұмсамай, жинауға тиіс дейді. Осы жағдай электрмеханика инженері Антонионы ұзақ толғандырған. Ақыры ол сырттан протез жасау техникасын әкеліп, жаңа компания құрды.
Антонио Риверос, "Creotec" компаниясының негізін қалаушы:
- Мынау бойы 1 метр 60 сантиметрден кем емес, жасы 55-тердегі адамға арналған протез. Түсі менің қолым сияқты қараторы. Әдетте протездің дәл осындай түрін нарықта кездестіру қиын. Енді пластиканы безендірушілер және аналопластологтармен протездердің алуан түрін жасаймыз.
Заманауи протездер адам жасына қарай дайындалады. Қол мен тырнақтың реңіне, тіпті әжімдерге дейін сәйкестендіріледі. Сонда еш жасандылық байқалмайды.
Ричард Варгас, тұтынушы:
- Осыдан 6 жыл бұрын жұмыста құрастырып жатқан динамит жарылып, екі қолымнан да айырылдым. Мына протездің түсі тура менікіндей. Яғни эстетикалық тұрғыдан әдемі әрі жұмыс жасағанда қиындық туғызбайды.
Боливияда динамит жасау өндірісі кеңінен таралған. Өкінішке қарай, оны жасау кезінде жарылыс жиі болады. Сондықтан да протезге сұраныс жоғары дейді сарапшылар.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева