Заңсыз көші-қонмен күрес

Мигранттар нөпірі жекелеген елдер мен тұтас аймақтарға қауіп төндіріп тұр.

Германияда сириялық босқындарды заңсыз тасымалдаған топ қолға түсті. АҚШ билігі шекара бекеттерін уақытша жабуға мәжбүр. Коста-Рикада төтенше жағдай жарияланған. Ал Грекия керісінше мигранттарды көптеп қабылдау мәселесін талқылап жатыр. 

Грекияға жұмыс күші керек. Олар бұл мәселені мигранттар есебінен реттегісі келеді. Бұл туралы бірер сәттен кейін "Шартарап" айдарында айтамын.

Германия

Германия билігі заңсыз көші-қонмен айналысқан 5 адамды қамауға алды. Операцияға 350 полиция қатысқан. Олар жүзден астам сириялық босқынды бірнеше үйде жасырын ұстаған. Күдіктілер неміс елінде тұратын Сирия азаматтары болып шықты. Мигранттардың әрқайсысы қылмыстық топқа заңсыз қызметі үшін 3 мың еуродан 7 мың еуроға дейін ақы төлеген. Ақшасы жоқтар алтын берген.

Нэнси Фезер, Германия Ішкі істер министрі:

- Шілде айына дейін Германия аумағына 56 мың мигрант заңсыз кірген. Бұл фактіні шекара полициясы анықтады. Бүгінде осы қылмыстық іспен 1400 күдіктінің айналысатыны белгілі болып отыр. Германия заңсыз көші-қонға қарсы қатаң заң қабылдауы керек.

Мексика шекарасында 8 мың жүк көлігі тұр

Заңсыз мигранттар экономика үшін де үлкен кедергі тудырып отыр. АҚШ билігі Мексикамен шекарадағы бекеттерді уақытша жауып тастады. Осының кесірінен Техас штатының аумағына кірер жерде 8 мыңға жуық жүк көлігі қаңтарылып тұр. Оларға жалпы құны 1 миллиард доллардан асатын тауар тиелген. Ірі компаниялар мен кәсіпкерлер мол шығынға батып жатыр. Джо Байден әкімшілігі көші-қон дағдарысын әлі реттей алмай әлек. Шекара бекеттерінің жанынан құрылған мигрант қабылдау орындарының жұмысы баяу.

Джесус Салайандиа, Мексика өнеркәсіп қауымдастығының өкілі:

- Біздің жүк көліктеріміз 3 күннен бері қозғала алмай тұр. Техас штатының аумағына кіреберісте дамылсыз тексеріс жүріп жатыр. Әбден ығыр қылды.

Коста-Рика төтенше жағдай жариялады

Коста-Рика билігі мигранттар нөпіріне байланысты төтенше жағдай жариялады. Босқындар бұл елге Панама арқылы қаптап келіп жатыр. Түпкі ойлары - АҚШ аумағына өту. Кірмелердің көбі - Венесуэла, Эквадор, Колумбия, Гаити, Йемен және Бангладеш азаматтары. Осы айдың өзінде шекара бойындағы ПАсо қаласына 60 мыңнан астам мигрант келген. Бұл жергілікті халық санынан 3 есе көп.

АҚШ

Арнолдо Андре, Коста-Рика Сыртқы істер министрі:

- Коста-Рика халықаралық қауымдастықтан қаржылай қолдау сұрайды. Ел аумағына толассыз келіп жатқан мигранттарды біздің әлеуметтік ортаға бейімдеу үшін көп ақша керек. Бұл кезек күттірмейтін шұғыл мәселе.

Грекияға мигранттар қажет

Грекия билігі керісінше елге көптеп мигрант тартуды көздеп отыр. Өйткені мұнда ауыл шаруашылығы, туризм және құрылыс салаларына жұмыс күші жетіспейді. Үкімет осы мәселені шешу жоспарын жақында Парламент назарына ұсынбақ.