Ташкентте жарылыстан 1 адам көз жұмды
Ташкенттің Сіргелі ауданында болған жойқын жарылыстан 2006 жылғы бала көз жұмды.
Қоймадағы төтенше жағдай салдарынан маңайдағы елді мекен тұрғындары зиян шекті. Түнгі үштер шамасында тұтанған өрттің соңы дүмпуге ұласып, 30 шақырым аумақтағы ғимарат, үйлер қирап қалды. Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тағы 162 адам жараланып, оның 24-і ауруханаға жеткізілді.
Қойма кеден органдарына тиесілі болған. Ғимарат ішінде электромобильге арналған аккумуляторлар сақталған деген дерек бар. Дегенмен нақты мәлімет жария етілген жоқ. Жергілікті БАҚ мәліметіне сүйенсек, қаза тапқан баланың басына құрылыс бөлшегі түскен. Өртті толық ауыздықтау үшін тікұшақтар көкке көтерілді. Әлі де болса құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Ресми органдар жарылыстың себеп-салдарын анықтауға кірісті.
Саёра Ерімбетова, жергілікті тұрғын:
- Әлі де болса есімізді жия алмай отырмыз. Төбемізден жарылғыш зат түскендей. Түнгі 3-те жарылыс болды. Содан өрт 3 сағатқа ұласты. Біз қойманың жанында тұрамыз. Үйлеріміз өртеніп кете ме деп алаңдадық. Әйтеуір жақындамады. Енді бізге көмек көрсетіледі деген үміттеміз.