Францияда бүлік шығарғандар қамалды
Францияда жаз кезінде бүлікке қатысқандар жаппай қамалып жатыр.
Бүгінге дейін 2 мыңдай адам жауапқа тартылып, көбі бас бостандығынан айырылған. Франция заңына сәйкес, кінәлілер келтірілген залалдың ауырлығына қарай 1500 еуро көлемінде айыппұл төлеп, 2 жылға дейін түрмеге қамалуға тиіс. Сақтандыру қауымдастығының өкілдері, дүрбелең кезінде, 730 миллион еуро көлемінде шығын келгенін айтады. Яғни жүздеген көлік өртеніп, дүкендер тоналып, мемлекеттік мекемелер қиратылған. Қазір сақтандыру компаниялары бүлінген ғимараттарды өз есебінен қалпына келтіріп жатыр. Қалған 700 нысанды мемлекет қаражатына жөндету үшін жергілікті билік арнайы заң қабылдады.
Софи Прима, Франция Сенатының депутаты:
- Қазір біздің алдымызда бүлінген мүліктің бәрін қайта қалпына келтіру міндеті тұр. Бірақ азаматтар тәртіпсіздіктердің зардабын жоюға қатысты наразылық білдіріп жатқанын естіп-біліп отырмыз. Мен оларды түсінемін. Себебі көп жағдайда келтірілген залал бюджет есебінен өтеледі. Яғни қаржы әрбіріміздің қалтамыздан алынады.