Ресейде самокатпен жүру ережелері талқылануда
Электр самокаттарды пайдалануға қатысты жаңа жол ережесі қажет.
Қазір Ресейде осы мәселе қызу талқыланып жатыр. Мамандар көліктің бұл түрін мас күйде жүргізгендерге айыппұл салуды құп көреді. Жүргізуші куәлігін беруге де талап күшеюге тиіс. Алайда бұған қарсылар да бар.
Дана Нұржан, тілші:
- Ресейде самокаттар сатылымы осы жазда 2 есе артты. Сондай-ақ оларды жалға алатындар күрт көбейген. Бүгінде "кикшейриң" жүйесіне тіркелгендер саны 20 миллион адамнан асты. Бірақ тепкіншек жүргізетіндердіің кесірінен жол апаты жиіледі.
Былтыр самокат жүргізушілерге қатысты жол-көлік оқиғасы 40 пайызға өссе, биыл бұдан 4 жарым есе көбейген. Микромобильді операторлар қауымдастығының өкілдері "арнайы инфрақұрылым қарастырылмаған, мысалы, көп жерде веложол жоқ" дейді.
Ксения Эрдман, микромобильді операторлар қауымдастығының директоры:
- Бүкіл Ресей бойынша салынған веложолдардың қашықтығы 5000 шақырымға жетпейді. Оның 10 пайызы Мәскеуге тиесілі. Бұл мәселенің бірі ғана. Сондықтан қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте инфрақұрылымды дамытқан абзал.
Биылдан бастап жеке мобильді құрылғылардың қозғалысын реттейтін жаңа стандарттар енгізілді. Жылдамдық сағатына 25 шақырымнан аспау керек. Ал 7 мен 14 жас аралығындағы балалар оны тек жаяужолда не веложолда ғана тебе алады. Ресей билігі самокаттарға толық тыйым салуды көздемейді. Бірақ көлік жүргізу ережелерін қатаңдату қажет. Қазір бөлек жүргізуші куәлігін беру және міндетті тіркеу секілді талаптар талқыланып жатыр.
Антон Шапарин, ұлттық автомобиль одағының вице-президенті:
- Егер бөлек жүргізуші куәлігін міндеттесек, оны қалай тексереміз? Міне осы жағы қиын. Ол үшін көшенің әр бұрышына полиция қою керек. Бұл мүмкін емес шаруа.
Қазір жергілікті билік мас күйінде электр самокат немесе велосипед тепкен азаматтар үшін отыз мың рубль айыппұл салу туралы заң жобасын талқылап үстінде. Бұл біздің валютаға шаққанда, шамамен 150 мың теңге, Ал кикшейриң компаниялары қауіпсіздік мәселесіне көбірек көңіл бөле бастады. Мәселен, келер жылдан бастап жалға берілетін самокаттар арнайы бас киіммен жабдықталады.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров