Түркияда вандализм әрекеттері заңмен қатаң жазаланады
Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының мүшелері тарихи жер мен қасиетті құндылықтарды қорлау әрекеттерін айыптайды.
Түркиядағы ғалымдар мен заңгерлер Қазақстан Президентінің таяуда БҰҰ Бас Ассамблеясындағы мәлімдемесін орынды деп санайды.
Түркияда қасиетті орындарды қорлау сияқты жағымсыз жағдайлар жиілеп кетті. Осыған байланысты жергілікті билік қатаң қадамға барды. Соның бірі – Құранға құрметсіздік танытқандарды жазалау. Қасиетті кітапты жыртып, оны әлеуметтік желіде жариялаған 2 адам 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Қазір сот процесі жүріп жатыр.
Сайит Юсуф, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хатшысының орынбасары:
- Қасиетті кітаптарды қорлағандарды қатаң жазалау қажет. Осы тұста Қазақстан Президентінің БҰҰ мінберіндегі үндеуі орынды әрі бейбітшілікті орнатуда маңызды деп есептеймін. Түркия да осы көзқараста. Әрбір ел киелі дүниелерді кемсітуге қарсы заңды шаралар қабылдауы керек.
Түрік ғалымдары Мемлекет басшысының БҰҰ мінберіндегі үндеуін Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымының көрінісі деп бағалайды.
Фырат Пурташ, халықаралық саяси сарапшы, профессор:
- Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатында үйлесімді ұстаным бар. Себебі 100-ден астам түрлі этностар мен түрлі дін өкілдері тұратын ел ретінде Қазақстанда конфессияаралық және этносаралық келісімге мән беретін басқару тәсілі қалыптасқан. Сондай-ақ Қазақстан – жаһандану тудырған радикализм мен экстремизм сияқты әлеуметтік мәселелерге қарсы Астанада ұзақ жылдар бойы рухани көшбасшылар саммитін өткізіп, жаһандық бейбітшілік миссиясын қолға алған мемлекет.
Түркияда вандализм әрекеттері заңмен қатаң жазаланады. Тағылыққа барғандар бірнеше заң аясында жауапқа тартылады.
Хасан Кумкале, заңгер:
- Түркияның Қылмыстық кодексіне сәйкес адамдар әлеуметтік тапқа, нәсілге, дінге, сектаға немесе аймаққа қарсы өшпенділік пен дұшпандық сезімін ашық түрде ушықтыру арқылы қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірген адамды 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Оған қоса бұл қылмыс жалпыға жариялау арқылы жасалса, жаза мерзімі еселейді.
Жалпыадамзаттық құндылықтарды түрлі дәрежеде қорлау мен кемсітудің соңы орны толмас өкінішке әкеліп, түрлі қақтығыс тудыруы мүмкін. Осы орайда Президентіміздің заң жүзінде реттеу ұсынысы – қоғамдық мәселені ұшықтырмаудың ең тиімді жолдарының бірі, - дейді халықаралық сарапшылар.
Авторы: Меруерт Қанағат.