Қазақ комедиясы Ташкенттегі фестивальде көрсетілді
Қазақстандық киногерлер табысты жолын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Таяуда ғана отандық көрерменге жол тартқан «Жыным сол» комедиясы Ташкентте өткен «Жібек жолының інжу-маржаны» халықаралық фестивалінде көрсетілді. Ертегі жанрындағы фильм шетелдік қазылар тарапынан жоғары бағаланды.
Қиял-ғажайып ертегі әлеміне жетелейтін комедия махаббатта жолы болмай, кәсібінде түрлі кедергіге тап болып жүрген жандарға жігер сыйлайды. Себебі оқиға желісінде толеранттылық ұғымы кең насихатталған. Фильм биыл ақпан айында көрерменге жол тартты. Енді халықаралық нарыққа шығып отыр.
Дина Тасболатова, қазақстандық актриса:
- Фильмді түсіру барысында кездескен қиындықтарды қазір ұмытып кеттік. Себебі картина өте сәтті шықты. Еліміздің көрермендері тарапынан қызығушылық әлі күнге жоғары. Кассалық жағынан көп пайда әкелді. Мені қазір көпшілік осы фильмдегі рөлім арқылы таниды.
ХХІ ғасырдың Аладдині аталып кеткен туынды толыққанды қазақстандық саналады. Авторлық және актерлік құрам білікті мамандардан жасақталған. Ташкент кинофестивалінде оны ТМД кеңістігіне танымал Дина Тасболатова мен Рүстем Алмағамбетов таныстырды. Жоба еліміздің кино саласындағы әлеуеті әлемдік деңгейде қалыптасқанын көрсетті.
Рүстем Алмағамбетов, қазақстандық актёр:
- Біз фестивальге түсірілім алаңынан келдік. Жетістікке жеткен алғашқы комедияның ізін суытпай жалғасын түсіріп жатырмыз. Tiger Films – Қазақстанның кино өндірісіндегі ең ірі компания. 2 жыл ішінде 30-дан астам көркем туындыны жарыққа шығарды. Келер жылы тағы 30-ын түсіруді жоспарлап отыр.
Фестиваль аясында фентези жанрындағы комедияны жергілікті көрермен ғана емес, Өзбекстанда тұрақты және уақытша тұрып жатқан отандастарымыз тамашалады. «Tiger Films» кассалық түсімі 400 млн теңгеден асқан туындының жалғасын келер жылы көпшілік назарына ұсынбақ.
Авторы: Рауан Мыңбаев.