Қазақстан мен Өзбекстан жастар саясаты жөнінен тәжірибе алмасады
Қазақстан мен Өзбекстан жастар саясаты саласында тәжірибе алмаспақ.
Екі ел өскелең ұрпақты кәсіпкерлікке баулып, спортқа бейімдеу ісіне баса көңіл бөліп отыр. Осы мәселелер Ташкент облысында өткен жастар ұйымдары жетекшілерінің кездесуінде талқыланды. Өңірге Қызылорда облысынан арнайы делегация барған болатын. Тараптар ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Әрі әріптістікке арналған жаңа бағыт-бағдарды айқындады. Жалпы Қызылорда мен Ташкенттің әуелден аграрлық әлеуеті зор. Бірі күріш, екіншісі мақта шаруашылығымен әйгілі. Жастардың дені осы салада еңбек етеді. Дегенмен, заманауи айти өндірісін өркендетіп, жаңа жұмыс орындарын ашу да - басты назарда. Осы мақсатта қазақстандық ұйым жетекшілері Ташкент облысының жастар орталығын аралап, айти бағыттағы үйірме жұмыстарымен танысты. Әрі оқушы-студенттердің бос уақытын тиімді пайдалану тәжірибесін зерделеді.
Әсетхан Баймұрза, «Жастар рухы» жастар қанаты Қызылорда облысы филиалының төрағасы:
- Жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту, айти бағытын көтеру әрі спорт-мәдениет саласын көтеру мақсатында екі облыс пен екі ел арасындағы келісім-шарт жасастық. Осы келісім арқылы бағдарламаларды бір-бірімізбен ақылдаса отырып, әрі қарай дамытсақ деген ойдамыз. Бірлескен жұмыс Қызылордада жалғасады деген сенімдеміз.