Ресей халал нарығының бірыңғай ұлттық жүйесін құрады
Ресей халал нарығының бірыңғай ұлттық жүйесін құруға ниетті.
Қазір елде 40-қа жуық сертификаттау орталығы бар. Алайда оның басын құрайтын ортақ кепілгер-бақылаушы жоқ. Солардың бірі Ресей мұсылмандарының Діни басқармасы жанындағы "Халал" халықаралық стандарттау және сертификаттау орталығы. Ол жиырма жылдан астам уақыт бойы жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде орталық 400-ден астам кәсіпорынның өнімдерін сертификаттады. Айта кетерлігі, Ресейде 20 миллионға жуық мұсылман бар. Еңбек мигранттарын ескергенде, бұл көрсеткіш 30 миллионға жуықтайды, дейді сарапшылар.
Айдар Ғазизов, «Халал» халықаралық стандарттау және сертификаттау орталығының бас директоры:
- Соңғы жылдары бізде жаңа тұтынушы пайда болды. Бұл мұсылман емес, алайда өнім сапасы жоғары болғаны үшін таңдау жасап отырған тұрғындар тобы. Халал өнімдерінің барлық өндірісі кәсіпорыннан тәуелсіз, бірақ сертификаттау органына тәуелді бақылаушының қадағалауында болуы тиіс. Өйткені ол өнімнің әр партиясына сертификат жазады.