Әлемнің көптеген елінде инфляция ырық бермей тұр

Түркияда биылғы ең жоғарғы көрсеткіш тіркелді. Германияда аяқ астынан ипотекалық пайыз өскен.

Германияда жағдайға құрылыс материалдарының қымбаттауы себеп.

Түркияда инфляция 61% жетті

Түркияда инфляция деңгейі 61 пайызға жетті. Елде азық-түлік және қызмет көрсету құны көтерілген.

Германияда ипотеканың пайызы күрт өсті

Германияда ипотекалық несиенің пайыздық мөлшерлемесі күрт көтерілді. Бұл жылжымайтын мүлік нарығына кері әсер етіп жатыр. Осы елдегі Галле экономикалық зерттеулер институтының мәліметі бойынша, соңғы 7 айда үй сатумен айналысатын 319 компания банкрот болған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 56 пайызға жоғары. Тамыз айында Германияда дайын бетон, цемент пен шынының бағасы өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға қымбаттады. Елдегі ең ірі жылжымайтын мүлік компаниясы "Воновиа" екінші тоқсанда 2 млрд еуро шығынға батқан.

Лин Ючжэнь, үй сататын менеджер:

- Бұрын біз арқылы сатылатын үйлердің 30 пайызы бірден өтіп кететін. Қазір бұл мүмкін емес. Негізі адамдар үйін тез сатқысы келеді. Алушылар да аз емес. Бірақ нарықтағы жағдай қазір екі жаққа да тиімсіз.

Қымбатшылық қысып барады

Африкадағы мемлекеттер арасында экономикасы ең мықты деп саналатын Нигерияның ұлттық валютасы - найра рекордты деңгейде құнсызданды. Қазір "қара нарықта" 1 АҚШ доллары 1 мың найра тұрады. Сарапшылар ресми билік бұдан 30 пайызға төмен жалған бағам ұсынып отыр дейді. Кәсіпкерлер импорт тауарларын қымбатқа алып, жергілікті нарық үшін одан артық бағаға сата алмай отыр. Елдегі ең ірі 2 кәсіподақ жаппай шеруге шығатынын ескертті.

Кассандра Оби, кәсіпкер:

- Елдегі жағдай бизнес үшін өте қолайсыз болып тұр. Доллардың бағамы бүгін-ертең төмендейтін шығар деген үмітпен өмір сүріп келеміз. 1 доллардың құны өткен аптада ғана 785 найра болатын. Әп-сәтте көтеріліп шыға келді. Біз сырттан алатын тауарлар қымбаттады. Халықтың зат сатып алу қабілеті де төмендеді. Тиісінше кірісіміз азайып жатыр.

Пәкістанда инфляция ие бермей барады

Пәкістанда инфляция деңгейі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 31,4 пайызға көтерілді. Өткен айда ғана бұл көрсеткіш 4 пайызға төмен еді. Елде әсіресе жанармай мен электр энергиясы өте қымбат.