Еліміздегі реформалардың сәтті жүзеге асуын көрші мемлекеттер ұтымды мүмкіндік санап отыр
Қуатты Қазақстан – тұтас Орталық Азия тұрақтылығының кепілі.
Еліміздегі стратегиялық реформалардың сәтті жүзеге асуын көрші мемлекеттер де ұтымды мүмкіндік санап отыр. Әсіресе Өзбекстан үшін энергетика, көлік-логистикалық коммуникация және су ресурстары саласындағы әріптестік аса маңызды
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Таяуда жарияланған Қазақстан Президентінің жолдауы тек елімізде ғана емес, Орталық Азия кеңістігінде зор қызығушылық туғызды. Айталық, Өзбекстандағы «Ma’no» бастамаларды зерттеу орталығы стратегиялық құжаттың негізгі бағыт-бағдарын талқылады. Жолдау нәтижесінде еліміздегі экономикалық белсенділік артып, жалпы ішкі өнімге әсер ететін жаңа салалар жұмысы қалыптасуы мүмкін. Көршіміздегі сарапшылар мұндай өзгеріс арқылы Қазақстанның экономикалық тұрғыда жаңғыра түсетінін атап өтті.
Бахтиёр Эргашев, "Ma`no" бастамаларды зерттеу орталығының директоры:
- Экономикалық басымдықтарға тоқталғым келеді. Ол жүзеге асса, Қазақстан дамудың келесі кезеңіне нық қадам басады. Жаңа салалар жұмысы жолға қойылады.....
Жолдау нәтижесі Қазақстанды қуатты мемлекетке айналдыруға сеп. Сол арқылы тұтас Орталық Азияның әлеуеті артады. Мұндай пікірді таяуда саясаттанушы, дипломат Тұрдықұл Бутаяров да айтты. Оның сөзінше, Қазақстан мен Өзбекстанның бірқатар саладағы серіктестігі қос тарап үшін де маңызды. Жалпы құжатта дамудың жаңа бағыттары ғана емес, оны жүзеге асыру жолдары көрсетілген. Мемлекеттік органдарға бас-аяғы 18 бағыт белгіленіп, 110 тапсырма жүктеліп отыр. Оның ішінде, жастар мәселелерін шешуге ерекше екпін жасалды.
Равшан Назаров, Өзбекстан Ғылым академиясының аға ғылыми қызметкері:
- Жаңа генерация мамандарын даярлау ісі өте өзекті. Ол қазіргі талаптарға сай дегім келеді. Жолдауда Қазақстан Президенті жергілікті маңыздағы әкімдерді сайлауға ерекше көңіл бөлді. Бұл елдің демократиялық даму жолында екенін көрсетті. Үкімет пен министрлік жетекшілеріне жауапкершілік артылды. Енді олар жылдам әрі дербес шешім қабылдай алуы қажет.
Жалпы саясаттанушылар Орталық Азияда біркелкі телеарна құратын кез жеткенін де алға тартып отыр. Бұл идеяны да таяуда қазақ көшбасшысы ұсынған. Басым көпшілік бастаманың қуатты идеологиялық құрал болатынын айтады. Себебі ол халықтар достығы мен ортақ құндылықты насихаттауға оң әсер етеді. Жолдауды жан-жақты саралаған көрші ел сарапшылары осындай пікірде.
Рауан Мыңбаев