Германия босқындарға қарсы күресті күшейтті
Еуроодақ аумағында заңсыз мигранттарға қарсы күрес күшейді.
Бірқатар ел шекарадағы бақылау өткізу бекеттерінде тексеру жұмыстарын қатаңдатқан.
Германия әзірге Чехия және Польшамен арадағы шекараға ғана бақылау қойды. Полицейлер көліктерді тоқтатып, адамдардың құжаттарын жаппай тексеріп жатыр. Көрші мемлекеттер де осындай қадамдарға барған. Польша Словакиямен арадағы теміржол бекеттерін қадағалауға көшсе, Чехия шекарашылары су жолын тексеруге кірісті. Өйткені биыл Словакияға ағылған мигранттар көп. Жыл басынан бері бұл елге 40 мың босқын барған.
Людовит Одор, Словакия премьер-министрі:
- Біз Польша және Чехия тарапымен тығыз байланыстамыз. Тексеру тек ішінара жүргізіледі. 650 шақырым шекараны толық бақылау мүмкін емес. Сондықтан босқындарды заңсыз тасымалдаумен айналысатын қылмыстық топтармен күреске көп көңіл бөлмекпіз.
Германия билігі де мигранттарды заңсыз жолмен елге әкелетін топтарды қатаң бақылау керегін алға тартып отыр. Себебі пана сұраушылардың саны соңғы кезде көбейіп кеткен. 8 айдың өзінде Германияда 220 мың адам босқын мәртебесін алуға өтініш берген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 77 пайызға көп.
Франк Малак, полицей:
- Жақында ғана ұйымдасқан қылмыстық топ шағын автобуспен 30 адамды алып өтпек болды. Көліктің өзі жолаушы тасымалына мүлдем арналмаған. Соған қарамастан, осындай амал-айлаға барған.
Шекарадағы тексеру қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз. Бірақ полицейлер одағы жағдай толық бақылауға алынбайынша бұл жұмысты тоқтатпауды ұсынып отыр.
Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский