Сириядағы әскери академияға дронмен жасалған шабуылдан адамдар қаза тапты
Сирияның Хомс қаласындағы әскери академияға дрондармен шабуыл жасалып, 80-ге жуық адам қаза тапты.
100-ден аса кісі жарақат алды. Мерт болғандардың арасында әйелдер мен балалар бар. Лаңкестік әрекет түлектердің оқу орнын бітіру салтанаты кезінде болды. Шараға осы елдің Қорғаныс министрі қатысқан. Бірақ ол оқиғаға дейін кетіп қалған. Шабуылды кімдер жасағаны белгісіз. Кей ақпарат құралдарының хабарлауынша, дрондар оппозиция бақылауындағы ауданнан ұшып келген.
- Қатты жарылыс болып, жерге құлап түстім. Содан кейін не болғанын білмеймін. Жарылысқа дейін ол жерде көп адам жүрді.
Шабуылдан кейін үкімет күштері оппозиция бақылауындағы аудандарға соққы берді. 5 адам қаза тауып, 9 тұрғын жараланды. Сирияда 2011 жылы президент Башар Асадқа қарсы наразылық шеруі қарулы қақтығысқа ұласып, азаматтық соғысқа әкелді. Жүздеген мың адам көз жұмды. 20 миллион тұрғынның 13 миллионы босқынға айналды. Үкімет күштері елдің көп аумағын қайтарғанымен, солтүстіктегі кей өңірлер әлі оппозиция бақылауында.