Ташкентте Алаш арыстарына арналған көрме ашылды
Ташкентте Қазақстан орталық мемлекеттік музейінің ұйымдастыруымен "Алаштың асыл арысы" атты көрме ашылды.
Мәдени шара Халел Досмұхамедовтің 140 жылдығына және Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналды. Көрмені көпшілік 11 қазанға дейін тамашалай алады. Негізгі мақсат - алаш арыстарының ғұмыр жолын насихаттау. "Сол арқылы екі мемлекеттің достығын һәм бауырластық байланысын нығайтып, түркі дүниесіне ортақ құндылықты болашақ ұрпаққа жеткізу", - дейді музей өкілдері. Көрмені Ташкенттегі репрессия құрбандарын еске алу кешенінде өткізуге Қазақстан елшілігі қолғабыс етті. Оның аясында алаш көсемдері жайлы ақпараттық-танымдық деректер айтылып, тұтынған заттары көрсетілді.
Рашида Харипова, ҚР Мемлекеттік орталық музей директоры:
- Жалпы Орталық музей қорында 380 мыңға жуық жәдігер болса, соның ішінде алаш тақырыбына қатысты 50 жәдігер экспозицияға қойылды. Бұның ерекшелігі, архивтік құжаттармен жасалған экспозияция. Сонымен қатар, әрине алаш арыстарының жеке тұтынған заттарын табу мүмкін емес. Дегенмен, ерекшесі Халел Досмұхамедовтің өзінің жолдастарымен хат жазысқан уақытта қолданған мөрі, Сәкен Сейфуллиннің киімі, патифоны, арнаулы марапаты және ақын-жазушылардың жазған шығармалары ұсынылды.
Мәмбет Қойгелдиев, тарих ғылымдарының докторы:
- Мен Мұстафа Шоқайдың айтқан пікірін қайталағым келеді. Оның айтқаны бар. Түркістан жастары бір болыңдар, осыған көңіл аударыңдар, біз бір болғанда ғана болашағымыз болады. Соған еңбек етіңдер, тер төгіңдер деген өсиеті бар. Мен мұны Түркістан халықтарына еш уақытта құнын жоғалтпайтын өсиет деп білемін. Біз осыған қызмет жасауымыз керек.
Көрме аясында Ташкент мемлекеттік өнер институтының репрессия жылдары жайлы қойылымы көрсетілді. Ал жергілікті қазақ мәдени орталығы ән-жырымызды орындады. Бұдан бөлек Қазақстан мен Өзбекстанның орталық мемлекеттік музейлері арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум бекіді.