Ресейде бала туу көрсеткіші төмендеді
Ресей демографиялық тоқырауға тап болды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бала туу көрсеткіші кейінгі 24 жылда болмаған деңгейге жеткен. Сарапшылардың сөзінше, мұндай ахуал елде бір емес, бірнеше жылға созылады.
Ресейде бала туу деңгейі төмендеп барады. Демографиялық жағдайдың дағдарысқа ұшырағанын биылғы көрсеткіштен-ақ байқауға болады. Жыл соңына дейін 140 миллион халқы бар елде 1 миллион 245 мың нәресте ғана дүниеге келеді. Мұндай тоқырау 1999 жылдан бері тіркелмеген. Ресейдің әлеуметтік қоры жасаған болжамға сәйкес, елдегі демографиялық ахуал келесі жылы да көңіл көншітпейді. Бала туу деңгейі 6%-ке кемиді. Кері көрсеткіш тіпті 2026 жылға дейін жалғасады деген қауіп бар.
Владислав Жуковский, экономист:
- Бұл – өте күрделі мәселе. Былтыр халық саны 600 мыңға азайса, арғы жылы 1 миллион 45 мың адамға, 2020 жылы 703 мыңға кеміді. Осы жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында тіркелген өлім-жітім деректері туу көрсеткішінен 272 мыңға көп. Қазір бұл жағдайды бір күн ішінде өзгерте салу мүмкін емес.
Бала туу көрсеткішінің төмендеуі жергілікті билікті қазір қатты алаңдатып отыр. Сондықтан шенділер осы мәселені шешу мақсатында отбасыларды қолдау бағдарламаларын іске қосқан. Атап айтқанда, көпбалалы жанұяларға жеңілдетілген ипотека беріледі. Үй сатып алу үшін бастапқы жарна көлеміндегі аналық капитал қарастырылған. Балаларға берілетін жәрдемақы тағы бар.
Татьяна Иларионова, Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік басқару академиясының профессоры:
- Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғалы бері мұндай демографиялық тоқырау болған емес. Бұл – өте алаңдатарлық жағдай. Қазіргі жастар ата-ана атануға асықпайды. Себебі нәресте дүниеге келген соң отбасының қаржылық жағдайы күрт төмендеп, кедейліктің кебін киеді деп ойлайды.
Халық санын өсіру үшін билік өкілдері түрлі тыйымдарға барып жатыр. ЛГБТ-ны насихаттау мен жынысты өзгертуге тыйым салатын заң қабылданған. Бұл шаралар бала туу көрсеткішіне оң әсерін тигізеді деп санайды.
Дана Нұржан, тілші:
- Бұдан бөлек, түсік жасатуға тыйым салатын заңды қабылдау жағы да қазір қызу талқыланып жатыр. Ресей аймақтарының бірінде – Мордовияда тіпті абортты насихаттауға қарсы алғашқы заң қабылданған. Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігі жүктілікті жасанды үзуге арналған дәрі-дәрмектерді сатуды шектеп, жеке клиникаларды дәрілік жолмен түсік жасатуды тоқтатуға міндеттемек.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.