Грузияда жүзім өсірушілер шығынға батты
Грузияда қатты жел мен бұршақ жүзім алқабын бүлдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Кахетия тұрғындары үшін жүзім – негізгі күнкөріс көзі. Шаруалар орасан зор шығынға батқан.
Табиғи апат Кахетия аймағындағы шарап өндірушілерді мол шығынға ұшыратты. Тұрғындар мұндай бұршақты бұрын-соңды көрмегенін айтады. Әсіресе кәсібін жақында бастаған шаруаларға қиын болды.
Ника Атекишвили, жүзім өсіруші:
- Қара шарап өндіру кәсібін 2 жыл бұрын ғана бастаған едім. Биыл пайда көру былай тұрсын, шығындарымды жаба алмай қалдым. Алқаптың жартысын бұршақ басты. Негізі биыл 10 тонна жүзім жинауым керек еді.
Жалпы бұршақ Кахетияның 3,5 гектар алқабын жарамсыз қылған. Табиғаттың тосын мінезі үкіметті де тығырыққа тіреді. Шаруаларға қолдау көрсету үшін бюджеттен 7,5 миллион доллар бөлуге тура келген.
Ираклий Гарибашвили, Грузия премьер-министрі:
- Біз шаруаларға көмектескіміз келеді. Осыдан 2 жыл бұрын да жүзім өсірушілерге бүлінген 1 гектар алқап үшін 3500 лари төлеген едік. Көмектеспеске амалымыз жоқ.
Жүзімнен азын-аулақ шарап өндіріп, күн көріп отырған шаруаларға енді банктегі несиелерді төлеу қиынға соғады. Сондай-ақ бұл нарықтағы шарап бағасына да әсер етеді, - дейді мамандар.
Авторы: Юлия Тужилкина.