NASA алтынға бай астероидқа аппарат ұшырады

NASA ғалымдары «Күн жүйесінің маржаны» деп атаған ғаламдағы ең қымбат астероидқа аппарат ұшырмақ.

Бұл аспан денесінің жалпы құны 10 квинтиллион долларға тең. Бірақ ғарыш құралы «Психея» астероидына 6 жылда жету үшін 3 миллиард 600 миллион шақырым жүруі керек.

Психеяның 90%-і алтын, темір және никельден тұрады. Сырт пішіні кәдімгі картопқа ұқсайды. Диаметрі – шамамен 226 шақырым.

Генри Стоун, жоба жетекшісі:

- Мынау ғажап ғарыш кемесі зерттеу жұмыстарын толық жүргізуге көмектеседі. Біз бұрын ешбір құрал жіберілмеген астероидқа саяхат жасағалы тұрмыз.

Негізі бұл астероидты барлық ғарыш державалары зерттегісі келеді. Алайда алғашқы қадамды NASA жасады. Агенттік экспедицияға 9 жыл дайындалған.

Дэвид Ох, инженер:

- Бұл жобамен үздіксіз айналысқаныма 9 жылдан асты. Әуелде бәрі тек сызбалар мен болжамдардан ғана тұратын. Ал қазір сәтті іске асып жатыр. Сенер-сенбесімді білмей, таңғаламын.

Ғалымдар арасында «Психея – Жер шарының ядросы» деген жорамал бар. Ғарыш кемесі жоспарға сай сәтті жетіп, астероидқа қонса, бірінші кезекте  аталған тұжырымның рас-өтірігі анықталмақ.