Израиль Газа секторында операция бастауға дайын

Бүгін Израиль мен Палестина арасындағы қарулы қақтығыстың төртінші күні.

Екі жақтан да құрбандар бар. Еврей мемлекетінің денсаулық сақтау министрі 900-ден аса адамның қайтыс болғанын хабарлады. Тағы 2 жарым мыңнан астамы жарақат алған. Палестина тарабының тиісті министрлігі 700-ге тарта кісінің қазасын растады. Тағы 3700-ден астамы жараланған.  

Құрбандар арасында шетелдіктер да бар. Жалпы Таяу Шығыстағы ахуалдың танышталатын түрі жоқ. Әлемдік қауымдастық қарулы қақтығысты тоқтатуға шақырып отыр. Ал ертең Египетте Араб мемлекеттерінің лигасы шиеленісті талқылау үшін арнайы кездесу өткізеді.     

Израильдің қарулы күштері Газа Секторымен шекаралас аймақта толығымен бақылау орнатқанын хабарлайды. Бірнеше күн бұрын екі тарапты бөліп тұрған 40 шақырымдық қоршауды ХАМАС жасақтары бұзып өткен еді. Бірақ еврей мемлекетінің әскері кейінгі тәулікте одан бірде бір адам өте алмағанын айтады. Енді алдағы күндері Газа Секторында құрлықтағы қарулы операция басталады. Қазір дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ол үшін резервтегі 300 мың жауынгер шақыртылған. Сарапшылар осылайша еврей мемлекеті Газа Секторында уақытша бақылау орнатуы мүмкін дейді. Бұл ХАМАС өкілдерінің инфрақұрылымдарын жермен жексен ету үшін қажет. Өйткені әуе шабуылдарымен олай жасау мүмкін болмай тұр.

Беэр-Шева

Дэниел Хагари, Израиль қорғаныс әскерінің контр-адмиралы:

"Израиль әскері Газа Секторы төңірегіндегі аймақтың барлығын бақылауда ұстап отыр. Жер қазып астымен өткен болған оқиғалар болды. Бірақ олардың беті қайтарылды."

Израиль Газа Секторын қоршауға алуының салдарынан өңірде күрделі гуманитарлық дағдарыс орнауы мүмкін. Палестина билігі осылай деп отыр. Өйткені ХАМАС шабуылдарына жауап ретінде еврей мемлекеті аймаққа жарық, су мен газдың берілуін тоқтатқан. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек те тасымалданбайды. Кейінгі мәліметке сәйкес Газа Секторында 2 миллион 300 мың адам тұрады. Солардың 80 пайызы гуманитарлық көмекке мұқтаж. Кейбір деректер бойынша мұнда ары кетсе 72 сағатқа ғана жететіндей отын қоры қалған. Израиль тарабы тек қарулы топтар бекінген орындарды ғана соққылап жатырмыз десе, Палестина жағы босқындар лагері де бомбаланғанын айтады. Босқындар демекші, БҰҰ өкілдерінің хабарлауынша, Газа Секторындағы 123 мыңнан аса адам үй-жайын тастап, басы ауған жаққа кеткен.   

Таяу Шығыс

БЛИЦ:

"Біз ауруханаға жасырындық. Израиль оны соққыламауы тиіс деп ойладық. Өйткені естуімізше, негізінен қарулы топтар бекінген орындар ғана атқыланып жатыр."

"Түні бойы атыс-шабыс жүріп жатты. Жарық пен интернет болмады. Әуе шабуылдары салдарынан үйімнің есігі мен балконы зақымданды. Абырой болғанда, балаларым аман. Түнгі бір жарымға дейін далада көмек күттік. Бізді жедел жәрдем кеп әкетті. Осындай күн кешетіндей менің не кінәм бар? Балаларымның жазығы не?"

Рейтерс агенттігінің мәліметінше, Израильге шабуыл бір жылға жуық дайындалған. Әсіресе еврей елі арнайы қызметінің қырағылығын жоғалту жағына көп көңіл бөлінген. Египеттің қауіпсіздік күштері шабуыл болатынын ескерткен.  Алайда израильдік әріптестері оны елемесе керек. Шетелдік ақпарат көздерінде әуелден-ақ оған Иранның қатысы бар болуы мүмкін деген болжамдар айтылды. Уолл Стрит Джорнал басылымының мәлімдеуінше, тамыздан бері ХАМАС өкілдері Ирандағы Ислам революциясы сақшыларының корупусымен кездесіп отырған. Алайда Ислам Республикасының билігі мұның бәрін жоққа шығарды.

Иран

Аятолла Әли Хаменеи, Иранның рухани көшбасшысы:

"Израильге жасалған шабуылға Иран жәрдемдесті деген мәлімет тарап жатыр. Бұл жалған ақпарат. Әрине Палестинаға қолдау білдіреміз. Бірақ бұл шабуылға біздің қатысымыз жоқ."

Әлемдік қауымдастық қарулы қақтығысты тоқтатуға шақырып отыр. Алғашқылардың бірі болып тиісті мәлімдемені БҰҰ-ның өкілдері жасады. 9-қазанға қараған түні қауіпсіздік кеңесінің отырысы ұйымдастырылды. Алайда басқосу нәтижесіз өтті. Өйткені Изральдің тұрақты өкілі ХАМАС-пен бейбіт келісімге келу туралы келіссөздер жүргізбейтінін жеткізді. Енді бар үміт Араб мемлекеттері лигасында. Ұйымның отырысы ертең Каирде белгіленген. Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты басқосу сыртқы істер министрлерінің деңгейінде өтеді. Көбін жағдай ары қарай қалай өрбиді деген сауал мазалайды. Бұған қатысты сарапшылар былай дейді.

Қытай

Ли Шаосянь, Нинся Университеті араб мемлекеттерін зерттеу институтының өкілі:

"Қарулы қақтығыс енді ғана басталды. Сондықтан жақын арада оқ ату тоқтайды деуге болмайды. Өйткені ХАМАС өкілдері ірі операцияны жоспарлағанны көрініп тұр. Мұны күтпеген Израиль жауап қайтарып жатыр. Шиеленіс Газа Секторынан бөлек Иордан өзенінің Батыс жағалауына да таралуы мүмкін. Десе де мұның бәрі ауқымды соғысқа ұласып кетеді деген ықтималдық аз."