Пәкістанның таулы аймағына тасқын қаупі төніп тұр
Өйткені әлемдегі ең көп мұздықтар осы елде орналасқан.
Олардың жалпы саны 7 мыңнан асады. Соңғы жылдары климаттың өзгеруіне байланысты мұздықтар жылдам ери бастаған. Соның салдарынан тау аңғарларында 300-ден аса көл пайда болды. Пәкістандықтар арасында үрей соңғы кездері тіптен үдей түскен. Олар шыңдардағы мұздар еріп, су тасқыны жүре ме деп қорқады. Мұндай апат жақында ғана көршілес Үндістанда болған еді.
Зулфекар Әли, жергілікті тұрғын:
- Үндістандағыдай су тасқыны бізде де қайталана ма деп қорқамыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай таудағы елдімекендердің көбі өзен жағасында орналасқан. Сондықтан билік мұндай жерлердегі халықты қорғау үшін қазірден қажетті шаралар қабылдауы керек деп ойлаймын.
Үндістанда тасқыннан қаза тапқандардың саны артты
Соңғы дерек бойынша, Үндістанның Сикким штатында өткен аптада жүрген су тасқынынан көз жұмғандар қатары 70 адамнан асты. Тағы жүзден астам тұрғын із-түссіз жоғалып, жалпы 22 мың отбасы жапа шеккен. Қазір жоғалғандарды іздестіру мен қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.