Ресейде алаяқ сайттар көбейді
Ресей әлемде алаяқ сайттар ең көп тіркелген 5 мемлекетке кіреді.
Көрші елде күмәнді 9 жарым мың сервер анықталған. Алаяқтықтың 80 пайызы қашықтан жүзеге асырылады екен. Соңғы 1 жылда киберқылмыс 25 пайызға ұлғайды. 2022-ші жылдың алғашқы тоқсанында 65 миллион ресейліктің жеке мәліметі қолды болып, 13 миллион банк картасының құпиясы ашылған. Ал биылғы жылдың алғашқы жартысында алаяқтар 8 миллиард рубль жымқырған. Бұл 40 миллиард теңгеге жуық ақша. Құқық қорғау органдары ұрланған қаржының тек 4 пайызын ғана қайтара алған. Алаяқтар заңсыз әрекеттің көбін әлеуметтік инженерияға сүйеніп жүзеге асырады - дейді сарапшылар.
Әлемдегі алаяқ елдер рейтингісінде Канада, Нидерланд, АҚШ көш бастап тұр. Сарапшылар мұны олардағы Ай-Ти инфрақұрылымының жақсы дамуы және заңдардың солқылдақтығымен түсіндіреді.
Владимир Ульянов, киберқауіпсіздік бойынша сарапшы:
- Әлеуметтік инженерия психологиялық алдап-арбауға негізделеді. Алаяқтар бұл істе тәжірибелі психологтарды жиі пайдаланады. Олар адамдармен телефон арқылы сөйлескен кезде оқитын мәтін дайындап береді. Оның үстіне өздері де мыңдаған кісіге қоңырау шалып, қандай жағдайда қалай әрекет ету керектігіне машықтанады. Былай қарасаң өте қарапайым. Бірақ адамдардың көбі үнемдеу, оңай олжаға кенелу, тез пайда табуға бейіл. Осы пиғыл кейін опық жегізеді.