Нью-Йоркте А. Мұсақожаева концерт берді
Нью-Йорктегі Карнеги Холлда Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестірінің сүйемелдеуімен халық әртісі Айман Мұсақожаеваның концерті өтті.
Белгілі скрипкашы БҰҰ бас штаб пәтерінде болып, Абай шығармаларын орындады.
Нью-Йорктегі Карнеги Холлдың кіре берісінде ығы-жығы жұрт. Бүгінгі кеште белгілі (Isaac Stern) Айзек Стерн сахнасында Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, халық әртісі Айман Мұсақожаева және Грэмми иеленген америкалық композитор Лоуэлл Либерман өнер көрсетеді. Классикалық музыка тыңдармандары үшін үлкен мереке.
Нью-Йорк жұртшылығы Тілес Қажығаливтың «Қыз қуу» және «Дала аңызы» шығармаларын үлкен қошеметпен қабылдады. Айман Мұсақожаеваны белгілі композитор Лоуэлл Либерман фортепианода сүйемелдеді. Бір кезде 16 жасында осы Карнеги Холлдың кіші залында талай ойнаған Либерман үлкен залда пианист ретінде бірінші рет өнер көрсетті. Сондықтан кештің өзі үшін аса маңызды болғанын айтады.
Лоуэлл Либерман, композитор:
- Америкадағы біздер Қазақстан туралы, Қазақстанда болып жатқан керемет мәдени жаңалықтар мен тың бастамалар туралы аз білеміз. Дегенмен, классикалық музыкаға Айман Мұсақожаева сынды адамдар мен Қазақстан үкіметі үлкен қолдау көрсетіп отырғанын байқадым. Сондықтан мен үшін бұл өте мықты тәжірибе болды. Осындай кештер Америка мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, өзара мәдени көпірлерді құру үшін өте маңызды деп ойлаймын.
Сэм, көрермен:
- Мұндай концертке бірінші рет келіп тұрсам да маған өте ұнады. Скрипкашының өнеріне тәнті болдым. Осында келгенім дұрыс болыпты.
Ассоль Мұхамеджанова, көрермен:
- Мұндай кештен қалып қойғым келмеді. Өзіміздің әйгілі скрипкашымызды қолдап, жерлестермен жүздесу үшін арнайы келдім. Тамаша классикалық музыкадан ләззат алдым. Өте керемет.
Бүгін Айман Мұсақожаева БҰҰ Бас штаб пәтерінде концерт қойып, Абай шығармаларын орындады. Ал «New York weekly» газеті Қазақстан халық әртісінің Вашингтон және Нью-Йоркке жасаған сапары жайлы «Бейбітшілікті музыкалық дипломатия арқылы тойлау» деген көлемді мақала жариялады. Онда автор әйгілі скрипкашы, ЮНОСКЕ елшісінің АҚШ-қа келуі Джо Байденнің «Музыкалық дипломатия» туралы заңға қол қойған кезіне дөп түскеніне назар аударады.