Еуропа тұрғындары қартайып барады

«Кәрі құрлықта» келер жылдан бастап 65-ті алқымдаған қарттар саны әлі жасы 15-ке толмаған жеткіншектерден асады деген болжам бар.

Бірақ қариямыз көбейді деп қуанып жүргендер шамалы. Өйткені еңбекке жарамды адам аз. Ал зейнеткер көп. Бұл, әрине, экономикалық жағынан тиімсіз.

Мамандардың «Еуропа тез қартайып жатыр» деп дабыл қаққалы қашан.  Бірақ кейінгі кезде бұл дағдарыс тіптен ушыққан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуі отқа май құя түсті. Бірлестік өкілдерінің пайымдауынша, келер жылы жасы 65-ті алқымдаған қарттар саны әлі 15-ке толмаған жеткіншектерден асады. Қазірдің өзінде егде тұрғындардың үлесі еңбекке жарамды адам санына шаққанда 33%-ті жуықтайды. Тіпті 70 жылдан кейін бұл арасалмақ 60%-ке өсуі мүмкін.

Альберт Эстев, демографиялық зерттеулер орталығының директоры:

- Халықтың қартаюы – бүкіл Еуропа үшін өзекті жайт. Десе де бұл мәселе әсіресе оңтүстік аймақта, атап айтқанда, Италия, Португалия мен Испанияда қатты байқалады. Мысалы, бір ғана Испанияны алсақ, ондағы тұрғындардың жартысынан астамының жасы 45-тен асады.

Себеп көп. Қарияларға Еуропадағы өмір сүру жағып жатыр. Бірақ экономика үшін ол тиімсіз. Қыруар қаржы зейнетақыға кетеді. Көп елде жұмыс күші әлден тапшы. Тағы бір түйткіл, жастар отбасы құрып, балалы болуға асықпайды. Ойында тек мансабы. Баланы бағып-қағуға көп ақша кетеді деген түсінік кең тараған. Коронавирустан кейін біразының тұрмысы нашарлаған. Жаһанды жайлаған қымбатшылық еңсе көтертпей тұр.

Дубравка Шуйца, Еурокомиссия төрағасының демократия мен демография мәселелері бойынша орынбасары:

- Демографиялық дағдарыстың салдарын тартып отырған ел көп. Испанияда бала туу көрсеткіші күрт төмендеп кеткен. Италияда да осы жағдай. Грекия халқы да тез қартайып барады. Хорватияның білімді жастары өзге елдерге кетіп жатыр.

Қартаю мәселесі Азияны да алқымынан алған. Жапонияда әрбір төртінші тұрғынның жасы 70-те. Қарт қытай да көбейген. Бұл – «Бір отбасы – бір бала» саясатының салдары. Рас, 2015 жылы бұл талап күшін жойды. Қымбат баспана мен асқан білімді болу жарысы да жастардың бала сүюіне кедергі. Мамандар жұмыс күшін жасанды интеллект алмастыра бастағанын айтады. Канада мен АҚШ демографиялық мәселені мигранттар есебінен шешуге көшкен. Маман жетіспеушілігін жұмыс істеуге келген шетелдіктердің көмегімен реттеуді Еуропа ертеректе қолға алған еді ғой. Десе де мұның бәрі қартаю салдарымен ғана күрес екені белгілі. Сарапшылар түпкі себепке, яғни  бала туудың төмендеуіне көбірек көңіл бөлу керек дейді.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсел Абдыхалықова.