Өзбекстанда Қазақстан президентінің Жолдауы талқыланды
Қазақстан мен Өзбекстанда жүргізіліп жатқан экономикалық реформалардың ұқсас тұстары көп.
Әсіресе энергетика, көлік-логистикалық коммуникация және су пайдалану ісіндегі бастамалар ортақ мақсат-мүддені көздейді. Бұл мәселе Ташкентте өткен дөңгелек үстелде талқыланды. Жергілікті сарапшылық қауымдастық пен депутаттық корпус өкілдері Қазақстан елшілігінде бас қосты.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Қазақстан Президентінің таяуда жариялаған жолдауы Орталық Азия үшін де өзекті мәселелерді қамтиды. Энергетика, көлік және су пайдалану саласындағы бастамалар тұтас аймаққа оң әсер етеді. Ал электр қуаты жетіспеушілігін азайту бағытындағы бастамалар соның бір парасы. Қазір Қазақстан да, Өзбекстан да өз аумағында АЭС салу жөніндегі жобаны қарастырып жатыр. Біздің ел мәселені республикалық референдумға шығармақ.
Дилором Файзиева, Өзбекстан Олий Мәжілісі халықаралық істер комитетінің жетекшісі:
- Өзбекте «көршің тыныш болса, өзің де тыныш» деген нақыл сөз бар. Осы сөзді Қазақстанға қарата және сәл өзгертіп айтар едім. Қазір бізге Қазақстанның бақуатты күн кешкені керек. Сонда біздің де жағдай жақсы болады. Энергетика, көлік-логистикалық коммуникациялық салада бірлесіп дамуымыз келешегімізді айқындай түседі.
Қазақстан Еуропа елдеріне бағыт алатын көлік дәліздерін көбейтуге ден қойды. «Оңтүстік-Солтүстік» және Транскаспий бағытын дамытуға ауқымды күш жұмсалып жатыр. Алпауыт нарықтарға даңғыл жол ашылса, оның игілігін көршілес елдер де көре алады.
Тұрдықұл Бутаяров, Азия институтының бөлім басшысы:
- Қазақстан мен Өзбекстан аймақтық интеграцияның қозғаушы күшіне айналуы керек. Сонда біздің өзге де көршілеріміз алға жылжитын болады. Мәселе әлі де көп. Су энергетикасы, көлік қатынасы саласындағы проблемаларға ерекше көңіл бөлген Президент Жолдауы тұтас Қазақстанды жаңғыртады.
Дөңгелек үстелде еліміздің су саласындағы ұстанымы да айтылды. Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұлов бұл мәселеде өзбек тарапының тәжірибесі мол екенін атап өтті. Себебі Ташкенттегі ирригациялық университет пен салалық институттың тарихы терең. Соған сай, біздің елде де осы салаға жауапты ведомство құрылып, трансшекаралық өзен ресурсын ұтымды пайдалану әрі көршілермен теңгерімді саясат жүргізу ісі басталып кетті.
Рауан Мыңбаев