Испанияда азық-түлік қымбаттады

Испанияда азық-түлік, транспорт және қонақ үйдің бағасы кезекті рет қымбаттап жатыр.

Бұл елдегі бағаның өсімі Италия, Германия және Франция сияқты Еуроодақтың үш елін басып озған. Жыл бойы  азық-түлік себеті орташа есеппен 11 пайызға өскенмен, қант, май және сәбіздің бағасы екі есеге артты.

Баға өсімі қазір жаңалық болудан қалған, дей тұрғанмен Испаниядағы азық-түлік тағы да көтерілді. Ресми статистикаға сәйкес, ол еуроаймақтың үш негізгі елінен жоғары. Құрғақшылық салдарынан сәбіз сияқты көкөніс түрлері күрт көтеріліп, қант пен майдың бағасы былтырғыдан 44 процентке қымбаттаған. 

Роман Доменек, кәсіпкер:

- Қанттың бір тоннасы  500 еуроға жетті, әрине оның дүкендегі бағасы арзан болмайды. Биылғы құрғақшылық көкөністің барлық түріне әсер етті. Жаз бойы өнімін әзер өсіріп шыққан шаруалар енді тауар бағасын арзанға сатпайды. 

Зейнет жасындағы Аделитаның айтуынша,  қант пен май ғана емес,  ұн өнімдері мен балық бағасы да қазір қымбат. Дүкенге бір барғанда қырық-елу емес жүз еуродай жаратып қайтатын болдық, дейді ол. 

Аделита Агилар, зейнеткер:

- 2027 жылдан бастап зейнетке шығу жасы 67-ге көтеріледі. Ал азық-түлік бағасы болса қымбаттап жатыр. Бұл азаматтардың қалтасына салмақ салуда.

Азық-түлікпен қатар көлік пен қонақ үйдің бағасы да пандемиядан кейін үш есе шарықтап кеткен. Жалға берілетін пәтер құны да өскен. Себебі сұраныс бар. Статистикаға сәйкес, бүгінде жергілікті жұрттың 15 проценті пәтер жалдап тұрады.

Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач