Грузияда ең төменгі жалақыны көтеру талап етілді
Грузияда ең төменгі жалақы күнкөріс деңгейінен 12 есе аз.
Айлығы шайлығына жетпейтін кәсіподақ ұйымы үкіметке наразы. Мәселемен жылдар бойы күресіп келе жатқан қызметкерлер Парламентке жүгінді.
Арзан жұмыс күші Грузияның ащы шындығына айналды. 1999 жылы бекітілген заңға сәйкес, елдегі ең төменгі жалақы 20 лариды құрайды. Бұл шамамен 7 доллар. Осының кесірінен 18 жастағы Мариям Ватиашвилидің жалақы көлемі төмен.
Мариям Ватиашвили, Тбилиси қаласының тұрғыны:
- Жазда ата-анамнан қайта-қайта ақша сұрамай, өзім қаржылай тәуелсіз болу үшін жұмыс істедім. Ойыншықтар дүкенінде бір жетідей ақысыз тағылымдамадан өтіп, кейін сатушы болып қызметке орналастым. Жалақым 220 доллар болады деп сендірді. Бірақ түптеп келгенде 150 доллар ғана айлық алдым.
Үкіметтен көмек сұрай табалдырық тоздырған кәсіподақ бірлестігі енді Парламентке жүгінді. Олар ең төменгі жалақыны нарықтағы бағаға сәйкес бекітуді талап етіп отыр.
Ираклий Петриашвили, Грузия кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:
- Елдегі саясаттанушылардың айтуынша, ең төменгі жалақы қазіргі нарыққа мүлдем сәйкес келмейді. Бірақ сонда да он мыңнан астам тұрғын дәл осы мөлшермен айлық алып отыр. Біз төменгі жалақыны бар болғаны 40 пайызға көтеруді сұрап отырмыз. 2006 жылдан бері мәселенің түйіні шешілмей келеді.
Енді кәсіподақ Парламенттен нақты жауап күтіп отыр. Талап мақұлданса, 190 мыңнан астам адамның өмірі оңынан өзгерер еді.
Юлия Тужилкина