АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы спикер сайлай алмай жатыр
АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы он күннен бері спикер сайлай алмай жатыр.
Кевин Маккарти төрағалықтан тайған соң, республикашылдар партиясы осымен үшінші кандидат ретінде Трамптың нағыз жақтаушысы Джим Джорданды ұсынып отыр. Айта кеткен жөн төменгі палатаның жұмысы екі аптадан бері тұралап қалды. Бірақ партия ішіндегі келіспеушілік, өзара талас-тартыс, жаңа төрағаны таңдауға кедергі болып тұр.
«Республикашылдар спикерлікке ұсынып отырған 59 жастағы Джим Джордан Өкілдер палатасында Заң комитетіне жетекшілік етеді және Байден әкімшілігіне қатысты тергеуді басқарады. Қатаң консервативті ұстанымда. Ол бұрынғы президент Дональд Трамптқа адал саясаткер ретінде де танымал. Бірақ оған төраға болу үшін кем дегенде 217 дауысқа ие болуы керек. Ішінара сайлауда Джим Джордан 124 дауыс алған. Өкілдер палатасындағы демократтар болса оның кандидатурасына мүлдем қарсы. Төменгі палатадағы демократтардың көшбасшысы Хаким Джефферис әріптестерін Капитолий алдына жинап, республикашылдарды Джим Джорданды қолдамауға шақырды.
Хаким Джефферис, Өкілдер палатасының мүшесі:
«Біз өкілдер палатасында екі партиялы жұмысты жандандырып, Америка халқының мәселелерін шешуге, еркін әлемдегі достарымыз Израиль мен Украинаны қолдау үшін өзара жол тапқымыз келеді. Бірақ республикашылдар арасындағы өзара қырқыстың тоқтайтын түрі жоқ. Конгрессті хаосқа, бей-берекетсіздікке, экстремизмге батырып жіберді.»
Джим Джордан болса іштей қырық пышақ болған республикашылдарды біріктіре алатынан сенімді. Ол өкілдер палатасындағы Заң комитетінің төрағасы ретінде президент Байденге импичмент жариялануы ықтимал жөніндегі тергеуге қатысады және Трампқа қарсы қылмыстық іс қозғаған штаттың прокурорларымен жұмыс істейді. Оның спикерлікке сайлануы қазіргі Ақ үй басшысына мүлдем тиімсіз болмақ. Оның үстіне Өкілдер палатасының спикері АҚШ-та вице-преиденттен кейін үшінші маңызды тұлға саналады. Бұған дейін Кевин Маккартидің мұрагері ретінде Стив Скализдің кандидатурасы қаралған. Бірақ ол ішін-ара ала тайдай бұлінген партияластарын біріктіре алмайтын болған соң сайлауға түсуден бас тартты. Конгрестің төменгі палатасындағы кейбір республикашылдар өздерінің проблемасы спикер жоқтығынан емес, одан тереңіректе жатыр деп санайды.