Бейжің жазбалары. Қытайды Қазақстан бидайы қызықтырады
Қытай астанасы Бейжің қаласына жолымыз түскен бір сапарда қытай мәдениетінің бізге беймәлім тұстары жайлы жазуға тырыстық.
«Не ексең, соны орасың». Қазақстан астығының сапасын жоғары бағалайтын қытайлар біздегі өнімділіктің төмендігіне қынжылады. Биылдыққа біздің ел гектарына орта есеппен 10 центнер ғана бидай жинады. Ал Қытайда өнімділік бізден әлденеше есе жоғары.
Біз барған тұқым дайындайтын компания – 20 филиалы бар ірі кәсіпорын. Бірақ мұндай компаниялар Қытайда аз емес. Біз бас сұққаны солардың ішінде 8-орында.
Жалпы Қытайда тұқым шаруашылығымен айналысатын 7 мыңдай мекеме бар екен. Бұл жергілікті фермерлердің тұқымды жаңартып, өнімділікті көбейтіп отыруына үлкен сеп. Сол себепті бұл елде егіннің шығымдылығы да жоғары.
Тұқым дайындайтын бұл кәсіпорын да барынша автоматтандырылған.
Конвейер тұқымды дайындап, тіпті санап отырады. Өнімділікті арттыру үшін үнемі жаңа сұрыптар дайындап, сатумен айналысады.
Бізде негізінен көктемде егіп, күзде жинайды. Әредік қыстық бидай егетіндер де бар. Бірақ аз. Ал бұл компания жылдың төрт мезгіліне де арнап тұқымдар шығарады. Тұқымдардың алды гектарына 10-13 тоннаға дейін өнім береді. Бидайдан бөлек мақта, ішінен аттылы адам көрінбейтін жүгері алқаптары бар. Жүгерінің биіктігі 3 метрге жуық. Мақтадан гектарына 7-8, жүгеріден 22 тоннаға дейін өнім жинайды.
Арман Әмен,
«Хабар-24» арнасының редакторы
(Басы мына жерде. Жалғасы бар)