Зілзала зардабы: Герат халқы көмекке мұқтаж
Зілзаладан зардап шеккен Герат қаласы көмекке мұқтаж.
Қуаты 6 балдан асқан жойқын жер сілкінісі 2 мыңнан астам адамның өмірін қиды, мың шақты ғимаратты жермен-жексен етті. Қытымыр қыс жақындап қалған мезгілде баспанасыз қалған жұрттың күні не болмақ?
7 қазан күнгі жойқын апат Герат тұрғындарының тұрмысын түбегейлі өзгертті. Жақындарынан айырылған Сад Гүл мен Жәлил Ахмад әлі күнге дейін көз жасын тыя алмай келеді. Олар басқа тұрғындармен бірге қауіпсіз жерге көшірілді.
Сад Гүл, Герат қаласының тұрғыны:
- Бізге үй салуға көмек керек, өйткені қыс келе жатыр. Қазір бір кесе шай қайната алмай отырмыз.
Жәлил Ахмад, Герат қаласының тұрғыны:
- Үйімізді қалпына келтіру мүлде мүмкін емес. Оны салуға бақандай 30 жыл кеткен еді. Қысқа дейін 2-ақ ай қалды. Не істерімізді білмей отырмыз.
Әкімдік тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, жаңа үйлер салуға қолайлы жер телімдерін анықтады. Бірақ жергілікті бюджетте көк тиын қалмаған.
Несар Ахмад Элиас, Герат әкімдігінің өкілі:
- Герат провинциясының басшылығы жергілікті тұрғындар мен кейбір жомарт ауған кәсіпкерлерін жұмылдырып, қажетті жер телімдерін зерттеп шықты. Біз тұрғын үйлер салуға дайынбыз. Бірақ қаржы қолбайлау болып тұр.
БҰҰ мамандарының айтуынша, Ауғанстандағы қираған үйлер мен ғимараттарды қайта қалпына келтіру жұмысына алдағы 6 айда шамамен 94 млн доллар қажет. Жергілікті билік бұл қаражатты дәл қазір табуымыз керек дейді. Әйтпесе, қыс қыр астында тұр.
Авторы: Сымбат Ғалымжанқызы.