АҚШ-та дәріхана желілері жабылады
АҚШ-та ең ірі деген бірнеше дәріхана желісі мыңдаған дүкенін жабатын болды.
CNN-нің хабарлауынша, жылдар бойы алып шаҺарлардан бөлек, шағын қалашықтарды да дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп келген желілердің жұмысы тоқтаса, бұл ең алдымен қарт адамдарға қиындық әкеледі. Әсіресе дәріге тәуелді адамдардың денсаулығына қауіп төнеді. Алайда сарапшылар жаппай жабылу фармацевтика саласына оң әсер етеді деп санайды.
Нұрбек Бекен, тілші:
- АҚШ бойынша ең ірі дәріханалар желісінің бірі саналатын Rite Aid жексенбіде банкротқа ұшырағанын жариялап, 2 200-ден астам дүкенінің 500-ін жабатынын мәдімдеді. Сарапшылар дәрі-дәрмек сататын желінің жабылуына бірнеше себеп бар дейді. Нарықтағы ірі ойыншылардың бәсекесіне төтеп бере алмады әрі 3,5 миллиардқа жуық қарызы бар. Rite Aid қана емес, Walgreens және CVS деп аталатын дәріханалар желісі де қиын жағдайда қалып отыр. Бүкіл ел бойынша Walgreens-тің фармацевтері мен техниктері ереуілдеп, Канзас-Ситидегі CVS дүкендерінің қызметкерлері жалақының төмендігі мен жүктеменің көптіне наразылық танытып жатыр.
Джефф Джонас, экономикалық сарапшы:
- Сонымен, кеше түнде Rite Aid банкроттығын жариялады. Олар ақыры осы жағдайға жетті. Сақтандыру компанияларында ғана емес, жалпы сатылымда табысы түсіп кетті. Дүкендер мен жалдау ақысының қымбаттауы, жұмысшылардың еңбекақысы және коммуналды төлемдер шығыны өсті. Сондықтан Rite Aid-тің табысы біраз жылдан бері төмендеп келген еді. Енді міне осындай мәлімдеме жасауға мәжбүр болды.
Дәріхана желісінің негізгі табысы рецеппен сатылатын дәрі-дәрмектен түскен. Алайда соңғы жылдары оның бағасы арзандап кеткендіктен, пайда тым аз. Оның үстіне Амазон мен Уолмарт супермаркеттерінің бәсекесіне төтеп бере алмай, елдегі 3 бірдей үлкен дәріхана желісі кейбір дүкендерін жабуға мәжбүр. Кей жерлерде ұрлықтың жиілеп кетуі де дәріханалардың негізгі проблемасына айналды. Өнімдерді құлыптап қойып, тұтынушылар сатып алуына кері әсер еткен.
Джефф Джонас, экономикалық сарапшы:
- Меніңше, Rite Aid-тің банкротқа ұшырағаны осы салаға жақсы әсер етеді деп ойлаймын. Жүздеген дүкеннің жабылуы өндіріске түскен ауыртпалықты едәуір азайтып, біраз жұмыс күшін босатады. Өйткені қазір нарықта фармацевт мамандары мен дәріхана техниктерінің тапшылығы сезіліп отыр. Сондықтан дәрі-дәрмек саласы үшін жақсы болады.
Нұрбек Бекен, тілші:
- Осылайша, АҚШ-тағы ең ірі CVS желісі 2018-2020 жылдар аралығында 244 сауда орынын жапты. Келер жылға қарай тағы 900 дүкені жұмысын тоқтатпақ. Ал Walgreens 2019 жылы 200 сауда орынын жапса, маусымда тағы 150 дүкенінің жоспарда тұрғанын жариялады. Зерттеулер мемлекеттік сақтандыру бойынша жұмыс істейтін, бірақ өтемақы мөлшерлемесі төмен дәріханалардың жабылу қауіпі жоғары екенін көрсеткен.
Авторы: Нұрбек Бекен.