Қазақстанның Республика күні Берлинде тойланды
Германия астанасы Берлинде Қазақстанның Республика күніне арналған концерт өтті.
"Майстер-зал" сахнасында еліміздің атынан маңғыстаулық әртістер өнер көрсеткен. Неміс тыңдармандары "Ақшағыл" және "Жорға" ансамбльдерінің музыкалық шеберлігіне тәнті болды.
Жетіген, домбыра, дабыл, қылқобыз. Мерекелік кешті ашқан "Ақшағыл" этно-фольклорлық ансамблі неміс тыңдарманын таңдай қақтырды. Себебі, әр өнерпаз аталған 5 аспапта ойнай алады. Ансамбль құрамында Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория түлектері де бар. Ұлы даланың ғажайып әуені алғашқы ноталардан-ақ тыңдарманын баурап алды.
Катрин Будде, Бундестаг депутаты:
- Керемет концерт болды. Көзімді жұмған кезде мен өзімді Қазақстанның кең байтақ даласында жүргендей сезіндім. Аспаптар шынайы атмосфераны жеткізе білді. Елдеріңізді Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстанға серпінді даму тілеймін!
Зонгрит Деквитц, "Willcommen in Berlin" дипломатиялық клубының мүшесі:
- Маған, әсіресе, вокалистер ұнады, олардың дауысы керемет! Костюмдері де тамаша, халықтың бай мәдениетін көрсетіп тұр. Музыкалық аспаптардың ерекшелігіне де таң қалдым. Қазақстанда бұрын болғанмын, мәдениеттеріңізге тәнтімін!
Ширек ғасырдан бері сахнада төрінде жүрген ақтаулық "Жорға" ансамблі қазақтың бекзада би өнерін паш етті. Көрермендер қатарынан Бундестаг депутаттары, кәсіпкерлер, тіпті, Германияның экс-президенті Хорст Келерді байқауға болады.
Хорст Келер, Германияның Федералды Президенті (2004-2010 ж.ж.):
- Музыканттар мен бишілер қазақ мәдениетін толық жеткізе алды. Мен атқа мінген шабандоздар, жабайы аңдар мен аңшыларды көргендей әсерде болдым. Сондай-ақ, қазақтың үйлену тойына барып келгендей болдық. Осындай концерттердің, өнерпаздардың арқасында біз Қазақстан туралы көбірек біле түсеміз. Сіздерді Республика күнімен құттықтаймын және өсіп-өркендеу тілеймін!
Гюнтер Папенбург, Төменгі Саксониядағы ҚР құрметті консулы:
- Бұл ерекше кеш болды. Әр түрлі аспап пен музыканттардың шеберлігі мені таң қалдырды. Ғажап концерт болды!
Құрманғазы, Дәулеткерей, Нұрғиса дарабоздардың және Себастьян Бахтың өлмес туындылары ойналды. Дәл осындай концерт Мюнхен мен Франкфурт қалаларында да өтеді.
Авторлары: Сымбат Ғалымжанқызы, Шолпан Найманбаева